Елде бұралқы иттердің саны қалай реттелмек
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жануарларға жауапкершілікпен қарау жөніндегі заң жобасына қатысты түсінік берді.
- Парламент депутаттары жылына екі рет өңірлерді аралап, жергілікті проблемалармен танысады. Сонымен қатар, сайлаушылардан хаттар келіп жатады. Бұл ретте, көтерілген мәселелерді саралай келе, бұралқы иттердің адамдарды қабуы оқиғаларының жиілегені байқалды. Бізге берген арнайы ресми мәліметке тоқталсам, бір жылда ит қауып алған адам саны 38 мың екен, бір күнде орта есеппен 100-103 адамды ит талайды. Оны интернет желілерінде де, бұқаралық ақпарат құралдарында да көріп отырмыз. Осындай жиілеп кеткен мәселелерге байланысты бізге сондай сұраныстар түсті, - деді Е. Жаңбыршин.
Оның айтуынша, бұл мәселеге қатысты депутаттар тиісті заң жобасын дайындады. Ол жердегі негізгі мәселе – ит ұстайтын адамдардың жауапкершілігін арттыру.
Екіншіден, бұралқы иттерді ұстағаннан кейін, қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес қайтадан жіберіп қоймау ұсынысы ескерілген. Бұл тұрғыда оларды ешкім келіп алып кетпесе, эвтаназия жасау пысықталып жатыр.
- Осындай норманы қабылдап, бұралқы иттердің санын реттеуіміз керек. Көп елдер эвтаназияға барған - Франция, АҚШ, Жапония сияқты дамыған мемлекеттер. Біздегі жануарларды қорғаушылар «Сіздер дұрыс жасап жатқан жоқсыздар» деп айтып жатады. Ол - әлемдік практика, біз аспаннан алған жоқпыз. Қазіргі қолданыстағы заңның өзінде үлкен жемқорлық қаупі бар, яғни вакцина, стерилизация салмауы мүмкін. Тіпті, итті ұстамауы да ықтимал. «Итті ұстадық, оған осындай манипуляциялар жасадық» деп, бюджеттік ақшаның кетіп қалу қаупі де өте жоғары. Сондықтан иесі жоқ итті 15 күн уақытша пунктерде ұстайық деген ұсынысты айттық. Оны алып кетуге рұқсат беріледі. Егер көшеде 20 бұралқы ит ұсталса, уақытша пунктіге жеткізіледі. Ол жерде бақылауға, тізімге алынады. Бұл иттер өте қабаған болса немесе құтырма ауруына шалдықса, эвтаназия жасау керек. Ал ондай симптомдар байқалмаса, онда 15 күн ұстаймыз, заңның негізігі концепциясы сондай, - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, 15 күн ішінді жеке адам немесе жануарларды қорғаушы ұйымдар келіп, алып кетулеріне болады. Олар өздеріне асырауға ала алады. Бірақ, алып кетердің алдында стерилизация, вакцинация және чип салдыруы керек. Бұл тұрғыда кімнің атына тіркелгені айқындалады. Ал оны ешкім алып кетпесе, онда 15 күннен кейін эвтаназия болады.
- Дегенмен, жұмыс тобында қарастыру барысында депутаттар 15 күн көп екенін айтты. Себебі бюджеттің қаржысы көп кетеді, сондықтан оны 5 күнге дейін азайтамыз деп норма берді. Ол норма қабылданды. Екінші мәселе - егер ол иттің қожайыны болса, оны 60 күндей ұстаймыз, ол азаматтық қодексте қаралған. Ит қашып кетуі мүмкін немесе иесі аурып қалуы мүмкін немесе іс сапарға кетіп қалуы ықтимал. Ол кезде иттің иесі бар екенін чиптен көріге болады. Оған итін алып кетуі үшін хабарлама жіберіледі. Осындай гуманды тетіктерді заңға еңгіздік. Иттің санын реттемесек, алдағы уақытта үлкен проблема болады, - деді Еділ Жаңбыршин.
Еске салсақ. былтыр он айда 44 мың адамды ит қапқаны белгілі болды.
2025 жылдың басында депутат бұралқы иттерді эвтаназия әдісімен ұйықтату нормасын ұсынды.