Елде дәрілік және медициналық заттардың айналымын реттейтін нормалар қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.
Заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінде 2025 жылғы 10 желтоқсанда тіркеліп, биылғы 28 мамырында бірінші оқылымда мақұлданды. Құжаттың мақсаты – әлеуметтік заңнаманы жетілдіру, оның ішінде техникалық және кәсіптік білім берудің (ТжКБ) бәсекеге қабілетті жүйесін қалыптастыру және көші-қон саясатын жетілдіру.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мәліметінше, заңның негізгі ережелері мыналарды көздейді:
1) ТжКБ жүйесін жетілдіру бөлігінде:
- еңбек шартын жасасу үшін кәсіби біліктілік сертификаттарын тану;
- жұмыс берушілердің ТжКБ-нің білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысуы;
2) халықтың көші-қоны бөлігінде:
- азаматтардың еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аудару тәртібін айқындау;
- жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру мақсатында ерікті түрде қоныс аударуға жәрдем көрсету;
- еңбек делдалдығына бақылауды күшейту;
Сондай-ақ жұмыс топтарының отырыстары барысында және депутаттар ұсынған түзетулер негізінде құжатқа тиісті түзетулер енгізілді. Біріншіден, денсаулық сақтау мәселелері бойынша:
- халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық заттардың айналымын реттейтін нормалар қабылданды;
- республикада қолданылатын медициналық газдарды реттеу үшін «медициналық газ» ұғымы, оны мемлекеттік тіркеу және медициналық емес мақсаттарда пайдалануға тыйым салу талаптары енгізіледі;
Екіншіден, халықты әлеуметтік қорғау мәселесі бағытында:
- зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ұйымдар қызметінің тәртібі заңнамалық тұрғыда айқындалады;
- мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған жұмыс орындары квотасын белгілеу, мониторингтеу және олардың орындалуын бағалау қағидалары белгіленеді;
- салымшының өтініші негізінде зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыға инвестициялық басқаруға беру арқылы оларды басқару тәртібін жетілдіру нормалары ұсынылды;
Үшіншіден, инклюзивті білім беру мәселелері бойынша:
- денсаулығында ауытқулары бар ерте жастағы балаларды (3 жасқа дейін) анықтау және қолдау тәртібі көзделеді;
- мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін арнайы білім беру ұйымдарын лицензиялау белгіленеді;
- «инклюзивті мәдениет», «ымдау тілі» ұғымдары және оларға ілеспе нормалар енгізіледі.
Айта кетейік, жақында Мәжілістің жалпы отырысында депутат Екатерина Смолякова Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында инклюзивті ортаны қалыптастыруға қатысты мәселені көтерді.