Халықаралық есірткі желісі тоқтатылды: 24 адам ұсталып, миллиардтаған қаржы тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM — Бас прокурор Берік Асылов арнайы прокурорлар тергеуді аяқтап, есірткінің онлайн айналымына қарсы күреске қатысты бірқатар ірі істі сотқа жібергенін айтты.

наркотики, есірткі, психотроп
Фото: Canva

—  Арнайы прокурорлар интернеттегі есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша бірқатар ірі істі тергеп-тексеруді аяқтап, сотқа жіберді.

Шымкентте Telegram мессенджері арқылы жұмыс істейтін халықаралық есірткі желісінің жолы кесілді. Тергеп-тексеру басқа құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп жүргізілді. Прокуратураның бастамасымен қазақстандық жедел-тергеу тобына халықаралық деңгейде осы жұмыста тәжірибесі бар АҚШ-тың есірткі бизнесіне қарсы күрес ведомствосының (DEA) қызметкерлері қатысты, — деді Берік Асылов.

Қылмыстық схемаға 300-ден астам адам қатысқан.

— Тек екі айыпталушының транзакциялары бойынша айналым 7 миллион АҚШ долларынан асқаны белгілі болды. 24 адам ұсталды, олардың арасында Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтары бар. 500 миллион теңгеден астам мүлік тәркіленді. Ақша «дропперлердің» банк карталары және лицензияланбаған криптобиржалары арқылы аударылып отырған. Криптовалюталарды шет елдердің азаматтары алып отырған. Сондай-ақ тергеу барысында Шымкент аумағынан екі есірткі зертханасы табылып, жойылды, — деді ол.

Олардан:

— 6,1 кг дайын мефедрон;
— 330 грамм сатуға арналған оралған есірткі;
— 2,1 тонна прекурсор;
— есірткі өндіруді қамтамасыз етіп отырған зертханалық жабдықтар жиынтығы алынды.

— Қылмыстық желі «Карбон», «DDD_Shym» және басқа Telegram арналарын пайдаланған, олар арқылы есірткі таратылып қана қоймай, сонымен қатар «алғашқы қолданушыларға» оларды өндіру әдістерін үйреткен. Кейбіреулер прекурсорларды жеткізетін және айналымды бақылайтын негізгі желімен байланысын сақтай отырып, өз арналарын ашты. Осындай тәсілдер еліміздің басқа өңірлерінде тергеп-тексеруде қолданылды. Ұлытау мен Маңғыстау облысының арнайы прокурорлары бастаған жедел-тергеу топтары синтетикалық есірткі сатуға әлеуметтік желілерді пайдаланатын есірткі сатушылардың екі таралған желісінің қызметін әшкереледі. Екі іс те сотқа жіберілді, — деді бас прокурор.

Осылайша, Ұлытау облысында «Kaef Mafia» Telegram арнасы арқылы есірткі сатқан дүкеннің жұмысы тоқтатылды.

— 6 айыпталушы қамауға алынды, цифрлық активтерді, криптовалюта әмияндарын және басқа да құндылықтарды қосқанда 3,2 миллиардтан астам теңге мемлекетке қайтарылды. Маңғыстауда «Dune-Operator 24/7» есірткі дүкенінің әрекеттерінің жолы кесілді. Есірткі сатудан түскен қолма-қол ақшаны банкке тапсыру кезінде арнайы прокурор облыстың ЭТД және ПД қызметкерлерімен бірлесіп, Шымкентке барған кезде 1 миллиард 155 миллион теңге және 176 мың АҚШ долларын тәркілеген. Сонымен қатар сот бір жеке кәсіпкердің банктік шотына есірткі бизнесінен түскен 1 миллиард теңгеге және 734 228 АҚШ доллары (USDT) бар криптоәмиянға тыйым салды, — деді Берік Асылов.

Айта кетелік Астанада есірткі зертханасы жойылып, үш қылмыстық топ ұсталды

Соңғы жаңалықтар