Елде ХАМАС өкілдері жүргені үшін Нетаньяху Қатарға қоқан-лоқы көрсетті
АСТАНА.KAZINFORM - Израильдің Дохаға шабуылы аймақта шұғыл консультациялар өткізуге түрткі болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сәрсенбі күні Дохадағы ХАМАС басшыларына әуеден жасалған шабуылдан кейін қатаң мәлімдеме жасап, Қатар ХАМАС басшылығын қуып жіберуі керек немесе сотқа беруі керек деді.
Ағылшын тіліндегі үндеуінде Нетаньяху Израиль әрекетін 2001 жылғы 11 қыркүйектегі шабуылдардан кейінгі америкалық операциямен салыстырды.
- Біздің де өзіміздің 11 қыркүйегіміз бар. 7 қазанда ислам лаңкестері еврей халқына Холокосттан кейінгі ең ауыр зұлымдық жасағаны есімізде, - деді ол.
Prime Minister Benjamin Netanyahu:
— Prime Minister of Israel (@IsraeliPM) September 10, 2025
“Tomorrow is September 11th. We remember September 11th. On that day, Islamist terrorists committed the worst savagery on American soil since the founding of the United States. pic.twitter.com/KDZcTXRsK0
Израиль премьер-министрі Қатардың ХАМАС-қа баспана және қаржы бөлетінін баса айтты.
— Біз Ауғанстандағы әл-Қаида лаңкестерін жойып, Пәкістанда Усама бен Ладенді жойған Америка сияқты әрекетке бардық, — деді Нетаньяху халықаралық қауымдастықтың көзқарасының ала-құлалығын айыптап.
Қатардың Сыртқы істер министрлігі оның сөзін айыптап, Қатар аумағына шабуылын өзінің орынсыз әрекетін ақтап алуға ұмтылған «қорқаудың әрекеті», сондай-ақ мемлекеттің егемендігіне қатысты заңсыз әрекет әрі тікелей қауіп деп атады.
Доха ХАМАС кеңсесінің АҚШ және Израильмен келісілген арағайындық миссиясы аясында жұмыс істеп жатқанын қос кетті.
Қатар премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тани CNN телеарнасына берген сұхбатында оқиғаны «мемлекеттік терроризм» деп атады.
- Бұл әрекетке деген ашуымды жеткізуге сөзім жетпейді. Бізге опасыздық жасалды. Нетаньяху жауапқа тартылуы керек, - деді ол.
Оның айтуынша, соққы израильдік кепілге алынған отбасылардың бейбіт келіссөздердің сәтті өтуіне деген үмітін сөндірді.
Ол Израиль соққысы Қатар шенеуніктерін ауыр жағдайда қалдырғанын, Парсы шығанағы аймағына қауіп төніп тұрғанын ескертті.
Нетаньяхудың қоқан-лоққылары АҚШ президенті Дональд Трамптың сейсенбіде «Қатар жеріне бұдан былай шабуыл жасалмайды» деген мәлімдемесіне қарамастан жасалды.
Wall Street Journal газеті Ақ үйдің жоғары лауазымды тұлғаларына сілтеме жасап, АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні Нетаньяхудың Қатардағы ХАМАС ұйымына шабуыл жасау шешімін «ақылсыз» деп айтқанын жеткізді.
Ливанның «Әл-Ахбар» газеті мысырлық дереккөздерге сілтеме жасап, Израильдің ХАМАС жетекшілері тұратын Түркия аудандарында осындай операция өткізуден бас тартқаннан кейін, Қатардағы ХАМАС штаб-пәтеріне соққы бергенін хабарлады.
Газет дереккөздерінің хабарлауынша, Нетаньяху үкіметі Трамп әкімшілігінің Қатармен бұл мәселені шеше алатынына сеніп, Қатарда әрекет етуге шешім қабылдаған.
Дохадағы оқиғалар жоғары деңгейлі шұғыл қоңыраулар толқынын тудырды.
БАӘ президенті шейх Мұхамед бен Заед әл-Нахайян қазірдің өзінде шұғыл консультациялар үшін Қатарға келді және алда Иордания королі мен Сауд Арабиясы тақ мұрагерінің сапары күтілуде. Жақын күндері Дохада ұжымдық жауап әзірлеу үшін араб-ислам саммитін өткізу жоспарланды.
Осыған дейін Қатардың Дохадағы шабуылдан кейін Газа бойынша келіссөзді тоқтатқаны туралы жаздық.