Елде көшедегі валюта таблосына тыйым салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Енді валюта бағамы туралы ақпараттық стенд (табло) айырбастау пункітінің ішінде немесе касса жанында болуы керек.

— Ақпараттық стендті (табло) айырбастау пунктінен тыс жерде, оның ішінде ғимарат пен мекеменің шатырында, сыртқы қабырғасында, стационарлық, жылжымалы және тасымалданатын стендтер орналастыруға жол берілмейді, — делінген құжатта.
Жаңа тәртіпке сәйкес, ақпараттық стенд, яғни валюта бағамы көрсетілген табло көшеде ашық кеңістікке қойылмауы тиіс.
Бірақ, валюта айырбастау пункті көпфункцияналды мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарда (оның ішінде іскерлік орталықтар), вокзал, казино аумағында, әуежай ішінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін автомобиль, теңіз және өзен бекеттері аумағында орналасқан жағдайда таблоға рұқсат етіледі.
Қаулы 2025 жылғы 9 қыркүйекте күшіне енеді.
Еске салсақ бүгін Астана мен Алматы қалаларындағы ақша айырбастау пункттерінде доллар 517 — 523 теңгеден саудаланып жатыр.
Айта кетелік көшедегі валюта бағамын көрсететін кестелерге тыйым салу шарасы 2 айлық сынақтан өтетіні туралы жазған едік.