Елде крахмал және биохимия өнімдерін шығаратын ірі өнеркәсіптік парк салынады

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстанда Fufeng Group компаниясы жылына 1 млн тонна жүгеріні терең өңдеу жобасын жүзеге асырады. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады. 

Елде крахмал және биохимия өнімдерін шығаратын ірі өнеркәсіптік парк салынады
Фото: АШМ

Ауыл шаруашылығы министрлігінде вице-министр Ермек Кенжеханұлы Fufeng Group компаниясының («Shengtai Biotech» ЖШС) басшылығымен кездесті.
Тараптар Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеуге бағытталған ірі инвестициялық жобаның орындалу барысын талқылады.

Жоба аясында инвестиция көлемі 800 млн АҚШ доллар болатын, жылына 1 млн тонна жүгеріні қайта өңдеуге қуатты толықтай біріктірілген өнеркәсіптік парк салу көзделген.

Оның аясында крахмал өндіретін зауыт, үш биоферментация зауыты, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциясы, сондай-ақ химиялық компоненттер шығаратын зауыт салынады. Олардың ішінара іске қосылуы 2026 жылдың І тоқсанына межеленген.

Инвестор кәсіпорынды тұрақты түрде шикізатпен қамтамасыз ету үшін осы жылы ішкі нарықтан да, жақын шетелдерден де 500 мың тонна жүгеріні сатып алуды жоспарлап отыр. Кейін отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен алдын ала келісімшарттар жүйесі жолға қойылады.

Өнім негізінен Еуропалық Одақ, Солтүстік Африка және Таяу Шығыс елдеріне өткізілетін болады. Кездесу барысында тараптар мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде субсидиялау мәселелерін және шикізат базасын қалыптастыру тетіктерін талқылады.

Вице-министр жобаны табысты іске асыру үшін инвесторға қажетті қолдау мен үйлестіру жұмыстарын көрсетуге дайын екенін білдірді. 

Айта кетелік «Кең дала 2» бағдарламасы 1 қазанда басталатыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар