Елде медициналық білім беру 7 жылдық оқуға көшірілмек
АСТАНА. KAZINFORM — Медициналық оқу бағдарламасының мазмұны қиындайды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында білім беру мәселелері бойынша өзгеріс енгізуді талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті.
— Медициналық білім беруде жүйелі мәселені шешеміз. Мақсатымыз — осы саладағы білім беру сапасын көтеру. Қазір медициналық ЖОО-ларда студенттер үш түрлі жүйе бойынша оқып жатыр. Соңғы реформа бойынша студент 6 жыл оқиды. Оның ішінде: бакалавриат — 5 жыл, магистратура — жарты жыл, интернатура — жарты жыл. Интернатурадағы осы жарты жылды студент ауруханада нақты бір мәртебесіз, медициналық жүйелерге рұқсатсыз, қарапайым ем-домға қатысу құқығынсыз өткізеді, яғни өз бетімен жүреді. Осындай 6 жылдық оқудан кейін олар жұмысқа да тұра алмайды, өйткені барлығы міндетті түрде резидентурадан өтуі керек, оған тағы 2-4 жыл қажет, — деді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, резидентураға грант саны өте аз. Көп жағдайда ақылы негізде білім алады. Тиісті өзгерістер енгізілмесе, алдағы уақытта кадр тапшылығы болуы мүмкін.
— Енді, 7 жылдық оқуға көшеміз. 6 жыл университеттегі теориялық оқу және 1 жыл ауруханада өтетін толыққанды практикалық интернатура болады. Осыдан кейін олар алғашқы буындағы жалпы практика дәрігері ретінде жұмыс істей алады. Бірақ невропатолог, нейрохирург сияқты бағыттарда маман болғысы келсе, қазіргідей резидентура оқуын жалғастыруы тиіс. Сонымен қатар, оқу бағдарламасының мазмұны да қарқынды болады. Анатомия, физиология секілді іргелі клиникалық пәндер типтік бағдарламада қатаң бекітіледі. Әр медициналық университет мұны толық көлемде беруге міндетті болады. Ал осы базалық деңгейді меңгергеннен кейін, тәуелсіз алаңда міндетті емтихан тапсырады. Интернатура имитация емес, шынайы болады, — деді депутат.
Осы орайда алтыншы курс түлегі дәрігер-интерн ресми мәртебесін алады. Бұл өз кезегінде ақпараттық жүйелерге рұқсат берілетінін білдіреді. Тәлімгер дәрігердің бақылауымен жас маман базалық медициналық әрекеттерін жасау құқығын алады. Бұл ретте, еңбекақы алуға, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріледі.
— Болашақ дәрігерлерге сапалы әрі нақты тәжірибе беріледі. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі медициналық жоғары оқу орындарына қабылдауды, шетелдік студенттер мен ақылы бөлімдерді реттеу бойынша нақты механизмге ие болады, — деді Асхат Аймағамбетов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елде педагогикалық мамандықтар бойынша оқуға түсу талабы күшейеді.