Елде өндірілетін жаңартылатын энергияның үлесі төмен — сенатор
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде көмірмен энергия өндіретін электр станцияларының орташа тозу деңгейі 56 пайызды құрады. Бұл туралы Қазақстанның орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссия отырысында сенатор Сүйіндік Алдашев мәлім етті.

«Қазір еліміздегі электр энергиясының 70 пайызы көмір отынын жағу әдісінен өндіріледі. Бұл ретте, электр станцияларының орташа тозу деңгейі 56 пайызды құрады. Электр станцияларының басым бөлігі жобалық қызмет мерзімінен асып кеткен әрі ескірген технологиялармен жұмыс істейді. Көмір электр станцияларын пайдаланудың орташа мерзімі 55 жылды құрап отыр, ал олардың жабдықтарының нормативтік ресурсы шамамен 30 жылға жетті. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан 2016 жылы қол қойылған Париж келісімі бойынша міндеттемелер алған. Оның аясында 2030 жылға қарай парниктік газдардарды 1990 жылғы деңгейден 15%-ға қысқарту көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде жаңартылатын энергия көздері арқылы энергия өндіру деңгейін арттыруды талап етеді», — деді С. Алдашев.

Оның айтуынша, Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасымен нысаналы индикаторлар — электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі баламалы көздердің үлесіне 2030 жылға қарай 30 пайызға дейін және 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жеткізу бекітілді.
«Айта кету керек, елде өндірілетін жаңартылатын энергияның үлесі төмен және осыған байланысты стратегиялық құжаттарда алға қойылған өршіл мақсаттарға қол жеткізу қиынға соғады. ESG қағидаттарының маңыздылығын ескере отырып, ESG-стандарттар саласындағы сын-қатерлердің жағдайын реттейтін заңнамаға талдау жүргізудің және оларға тиісті өзгерістер енгізудің өзектілігіне назар аудару қажет. Ең алдымен, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды заңнамалық реттеуге, оның енгізілуін ынталандыру тетіктерін, кедергілерді алып тастауды, жаңартылатын энергия көздерінің заманауи технологияларын трансферттеуді және басқа да бағыттарға қатысты», — деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазір әлемде ESG қағидаларын енгізу тұрақты бизнес қалыптастыруға, оны бәсекеге қабілеттігін арттыруға және ұзақ мерзімді құндылықтарды дәріптеуге ықпал ететінін айтты.