Елде педагогикалық білім берудің жаңа моделін әзірлеу басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрінің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен жиында 2026-2028 жылдарға арналған мектепке дейінгі және бастауыш білім беруді дамытудың кешенді жоспарының жобасы, сондай-ақ педагогикалық жоғары оқу орындарының жұмысын жетілдіру мәселесі талқыланды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Елде педагогикалық білім берудің жаңа моделін әзірлеу басталды
Фото: Үкімет

Жиын барысында құжатты әзірлеу жұмыстарының барысы қаралып, қатысушылардың баяндамалары тыңдалды.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектепке дейінгі және бастауыш білім беру жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттарын таныстырды.

Аида Балаева мектепке дейінгі және бастауыш білім беру баланың тұлға ретінде қалыптасуының берік негізін қалайтынын, әрі оның болашақтағы дамуына тікелей әсер ететін маңызды кезең екенін атап өтті. Сонымен қатар педагог кадрларды даярлау жүйесін дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.

Жиында тәрбиеші мамандығының беделін арттыру, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және Мемлекет басшысы айқындаған құндылықтарға негізделген педагог даярлаудың жаңа үлгісін қалыптастыру мәселелері сөз болды.

Ғылым және жоғары білім министрлігіне педагогикалық білім берудің жаңа моделін әзірлеу міндеті жүктелді. Бұл бағытта талапкерлерді іріктеу тетіктерін жетілдіру және педагогикалық жоғары оқу орындарына түсушілер үшін ҰБТ-ның жаңа форматын енгізу көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, педагогтерді даярлау мазмұны мен әдістерін жаңарту, тәжірибеге негізделген оқытуды күшейту, цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу және профессор-оқытушылар құрамының кәсіби әлеуетін арттыру стратегиялық басымдықтар ретінде аталды.

Ұсынылған бастамалар мен жаңашылдықтар алдағы уақытта өңірлерде сарапшылар мен педагогикалық жоғары оқу орындары өкілдерінің қатысуымен жан-жақты талқыланады. 

Айта кетелік биыл 96 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр