Елде радиоактивті қалдықтардың көлемі қанша
АСТАНА. KAZINFORM — Радиоактивті қалдықтарға қатысты барлық мәселелерді реттейтін Ұлттық оператор құрылады. Бұл туралы ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин мәлім етті.
Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісінде «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжаттар таныстырылды.
Осы орайда радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің жалпы шарттары белгіленеді, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық оператор институты енгізіледі.
- Қазіргі кезде Қазақстанда шамамен 293 млн текше метр радиоактивті қалдық бар, оның негізгі үлесі - 290 миллионы төмен радиоактивті қалдықтар санатында. Семей сынақ полигонында 237 миллионы жинақталған. Бұған ластанған топырақтың алаңнан шығарылған көлемін жатқызуға болады. Басым бөлігі, яғни 290 миллионы төмен деңгейдегі радиоактивті қалдықтар, - деді Ғ. Серғазин.
Оның айтуынша, қалған орташа және жоғары активті деңгейдігі қалдықтар Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты, Үлбі зауыты, сондай-ақ Степногор тау-кен-химия комбинаты кәсіпорындарынан, «Қошқар Ата» ойпатынан шыққан.
- Заң жобасы аясында радиоактивті қалдықтарға қатысты барлық мәселелерді реттейтін Ұлттық операторды құруға мүмкіндік береді. Бүгінде қалдықтарды көму алаңдарына қатысты әлемдік тәжірибенің де әлсіз екенін көріп отырмыз. Бірнеше елде көметін орындар бар. Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасында қалдықтарды көму алаңдарын құру қарастырылған. Бұл орындар Үкімет қаулысымен анықталады. Ұлттық оператор құрылыс пен радиациялық қауіпсіздікке, оның ішінде болашақта барлық радиоактивті қалдықтарды бақылауға, есеп беруге және Тізілімді жүргізуге жауапты болады, - деді агенттік төрағасының орынбасары.
Осыған дейін Қазақстанда шетелдік радиоактивті қалдықтарды көмуге тыйым салынатыны туралы жаздық.