Елде сирек металдарды өндіруде қандай өзгерістер бар

АСТАНА. KAZINFORM – Сирек металдар бойынша отандық өндіріс ассортименті жаңа өнімдермен толықты. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.

сирек металл
Коллаж: canva

- Өндірісті әртараптандыруда әлеуеті жоғары бағыттардың бірі –сирек металдарды өндіру. Қазірде отандық өнім экспортқа шығарылады және әлемдік ірі өндірушілердің авиация, теңіз техникасы, электроника және электр көліктері өндірісінде қолданылады. Соңғы екі жылда отандық өндіріс ассортименті жаңа өнімдермен толықты. Мысалы, техникалық селен және жоғары таза марганец сульфатының моногидраты альтернативті энергетика саласында қолданылады. Ал осы жылы галлий шығаратын өндіріс іске қосылады, - деді Е. Нағаспаев. 

Оның айтуынша, өткен жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысының Жапонияға сапары кезінде ERG мен Mitsubishi Corporation арасында аталған металлды жеткізу бойынша офтейк келісімшартқа қол қойылды.

- Сонымен қатар, жылына 2,4 мың тонна тазартылған сурьма өндірісін іске қосу жоспарлануда. Осылайша, еліміз металлургияның midstream сегментіндегі негізгі елдер қатарына кірді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңдеу өнеркәсібінің одан әрі дамуын айқындайтын 17 ірі жоба таңдалды. Бұл ретте Министрлік 9 жобаны қамтып отыр. Олардың екеуі былтыр іске қосылды. Қалған жобалар бойынша жұмыстар жалғасып келеді. Барлық тоғыз жоба толық қуатқа шыққанда өндіріс көлемі 7,3 миллард АҚШ долларына дейін жетеді деп жоспарланған. Бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және экспорт әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Өнеркәсіп министрі Qarmet-тегі өзгерістерге түсінік берді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум