Елде тарату процесінде тоғыз банк бар — Мәдина Әбілқасымова

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова елдегі банк жүйесінің қазіргі жағдайына түсінік берді. 

Мәдина Әбілқасымова
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Өтімді капитал жеткілікті және банктердің банкроттығы қаупі жоқ. Қазіргі уақытта бүкіл қадағалау жүйесі банк жүйесіне төнетін ықтимал тәуекелдердің алдын алуға бағытталған. Осы мақсатта жыл сайын активтер сапасын бағалаймыз, банктердің несие портфельдерін талдаймыз. Екіншіден, банктердің стресстік жағдайларда тұрақтылығын талдау үшін қадағалау тестілеуін жүргіземіз. Сонымен қатар, банктің бизнес моделін, корпоративтік басқаруы және басқа да тәуекелдері бағаланады. Осы бағалау негізінде жыл сайын банктердің банкроттығына жол бермес үшін тиісті шаралар қабылданады, — деді М. Әбілқасымова Сенаттың жалпы отырысында.

Агенттік басшысы банкроттық кезеңіндегі банктерге мемлекеттік қолдау берілмейтінін атап өтті.

— Бұрыннан банкрот болған банктерге мемлекеттік қолдау көрсетілмейді, яғни оған тыйым салынған. Мұндай банктер таратылуға жатады. Қазіргі уақытта тарату процесінде тоғыз банк бар. Олардың лицензиялары 2007 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта қайтарып алынды, — деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, осыған дейін мемлекеттік қолдау тек қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіруге қауқарлы банктерге көрсетілген.

— 2017 жылы қаржылық тұрақтылық бағдарламасын әзірледік, оның аясында алты банкке жалпы сомасы 1,8 триллион теңге болатын мемлекеттік қолдау көрсетілді. Олардың үшеуі бұл қолдауды мерзімінен бұрын толық өтеп, жалпы сомасы 738 миллиард теңгені қайтарды. Қалған үш банк те бұл мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын өтеуді жоспарлап отыр, — деді Мәдина Әбілқасымова.

Еске салсақ, жақында қай банк мемлекеттен алған көмегін толығымен қайтарғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар