Елде туберкулездің таралуы азайып, емдеу тиімділігі артты

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында туберкулез бойынша эпидемиологиялық көрсеткіштер жақсарып келеді, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

врач
Фото: freepik.com

Ведомство дерегіне сәйкес, туберкулезбен сырқаттанушылық 9,9%-ға төмендеді. Таралу көрсеткіші 12,8%-ға азайды. Туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 10%-ға төмендеді.

— Емдеу тиімділігі де артты: дәріге сезімтал туберкулезден жазылу көрсеткіші 90,5%-ды кұрады, дәріге төзімді туберкулезден жазылу көрсеткіші 85,3%-ға дейін жоғарылады, бұл көрсеткіштер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) стандарттарынан жоғары. Белсенді туберкулезбен ауыратын науқастар саны 15%-ке азайды. Қазақстан Республикасында туберкулездің алдын алу, диагностикалау және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіреді, — делінген хабарламада. 

Елімізде МСАК ұйымдары деңгейінде туберкулезді ерте диагностикалаудың заманауи әдістері енгізілген: GeneXpert аппараты арқылы жүргізілетін (туберкулезге ПТР) зерттеу нәтижелері 2 сағат ішінде дайын болады. ДДҰ ұсынымдарына сәйкес, дәріге төзімді туберкулез түрлерін емдеуде тиімділігі жоғары, инъекциясыз қысқа мерзімді 12 айдан 6 айға дейін емдеу режимдері қолданылады, бұл емдеу режимдері қабылдауға ыңғайлы таблетка түрінде ұсынылады.

Туберкулез инфекциясын профилактикалық емдеу үшін 1 айдан 3 айға дейінгі жаңа қысқа мерзімді режимдері қолданылады. Бұл байланыста болған адамдар мен қауіпті топтарындағы тұлғалар арасында белсенді туберкулездің дамуының алдын алуға мүмкіндік береді. Жыл сайын науқастардың 95%-дан астамы әлеуметтік қолдаумен қамтылады. Амбулаториялық деңгейде науқастардың 40%-ы емдеуді бейнебақылау режимінде қабылдайды.

Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық көмек түрлеріне, пациенттерді әлеуметтік қолдауға және елдегі эпидемиологиялық жағдайды одан әрі жақсартуға бағытталған халықаралық стандарттарды қолдануға баса назар аудара отырып, туберкулездің профилактикасын, ерте анықтау және қолжетімді емдеуді дамыту жөніндегі жұмысты жалғастырады. 

Бұған дейін Алматыда туберкулезбен ауырғандар саны азайғаны айтылды.

Соңғы жаңалықтар