Елде тұрғын үй құны қаншалықты өсті

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, тұрғын үйдің бір шаршы метрінің өзіндік құнында құрылыс материалдарының үлесі 57 пайыз шамасында.

көпқабатты тұрғын үй
Фото: Валерий Бугаев

- ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне қарағанда, биылғы шілде айында ел аумағында тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің орташа бағасы мынаны құрады: бастапқы нарық – 528,5 мың теңге (2024 жылғы шілдеде – 488,8 мың теңге), ал қайталама нарық – 551,9 мың теңге (2024 жылғы шілде айында – 511,4 мың теңге). 2025 жылдың шілде айында бастапқы тұрғын үй бағасы осы жылдың қаңтар айына қарағанда 5,7 пайызға, қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы 4,7 пайызға өсуі байқалды, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Жылжымайтын мүлік нарығы – бұл халықтың сұранысы мен ұсынысына байланысты өзін-өзі реттейтін нарық. Жеке кәсіпкерлік субъектілері Кәсіпкерлік кодексінің 26-бабы 1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, өндірілетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларды дербес белгілеуге құқылы.

- Тұрғын үй бағасы көптеген факторларға байланысты қалыптасады. Мәселен, жер учаскесінің құнына, инфрақұрылымның, инженерлік желілердің болуына, орналасқан жеріне, халық арасындағы сұранысына және құрылыстың өзіндік құнына қарай ескеріледі. Тұрғын үйдің бір шаршы метрінің өзіндік құны бірнеше компоненттерден тұрады: құрылыс материалдары – 57%, еңбекақы төлеу қоры – 17%, жер учаскесін сатып алу – 9%, құрылыс техникасы – 6%, инфрақұрылым жүргізу – 3%, аумақты абаттандыру – 2%. Сонымен қатар, 1 шаршы метр тұрғын үй салу мен сатудың баға параметрлері мәселесі жеке құрылыс салушылардың маркетингтік саясатына жатады. Олар жобаны іске асыру процесінде салынған шығындардың рентабельділігі мен қайтарымдылығына, сондай-ақ кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге сүйене отырып, дербес анықтайды. Мемлекет тек мемлекеттік тұрғын үй мен мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан әлеуметтік объектілердің бағасын реттейді, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Мемлекеттік тұрғын үй үшін таза әрлеу құны (инженерлік желілердің құнынсыз) тұрғын үй салу және (немесе) сатып алу ағымдағы жылға бекітілген Ғимараттар мен құрылыстарды салу құнының ірілендірілген көрсеткіштерінің жинақтарында әрбір өңір үшін көзделетін тиісті қабаттағы ірі панельді тұрғын үй бойынша ӨБЖЖнің 80% мөлшерінде айқындалады (Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 22 желтоқсандағы №151 бұйрығы).

Бұған дейін еліміздегі отандық құрылыс материалдарының үлесі жайында жазған едік.

Еске сала кетсек, 2025 жылғы 25 шілдеде Президент көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған құжатқа қол қойды

Соңғы жаңалықтар