Елде үйдің бағасы қалай өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылғы шілде айында тұрғын үйді алып-сату бойынша 39 742 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша – 8 465 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша – 31 277 мәміле жасалды. 

Елде үйдің бағасы қалай өзгерді
Коллаж: Canva

2025 жылғы маусыммен салыстырғанда (33 273) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 19,4%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Астана (8 636 — 21,7%) және Алматы (8 432 — 21,2%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 756 — 6,9%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз — 247 мәміле (0,6%).

2025 жылдың маусымымен салыстырғанда шілдеде мәмілелер санының ең көп өсімі Қызылорда (+70,6%) облысында және Астана (+42,2%), Алматы (+27,2%) қалаларында тіркелді. Ал бір айдағы ең көп төмендеу Ұлытау (-12,4%), Атырау (-10,9%) және Алматы (-5%) облыстарында болған.

— 2025 жылғы маусыммен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі мәмілелер саны 23%-ға (5 848 мәмілеге) көбейген. 2025 жылдың шілде айында пәтерлер бойынша барлығы 31 277 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 78,7%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (27,2%), Алматы (24,8%) қалаларына және Қарағанды облысына (7,4%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2025 жылдың шілде айында олар бойынша 12 489 мәміле ресімделген.

2025 жылдың маусым айымен салыстырғанда шілдеде жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 7,9%-ға (621 мәмілеге) өсті. Шілдеде барлығы 8 465 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Алматы (+27,7%) қаласында, Қызылорда (+26,9%) және Маңғыстау (+18,1%) облыстарында байқалды. Ал бір айдағы төмендеу тек Жамбыл (-2,8%) облысында болды.

2025 жылғы шілдеде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 0,9%-ға азайған, ол кезде 40 099 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Қызылорда (30%) облысында байқалды, ең үлкен төмендеу — Ұлытау облысында (-46%). 2025 жылдың қаңтар-шілде айларындағы мәмілелер санын 2024 жылғы қаңтар-шілде айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 3,4%-ға өсім байқалады, — делінген Ұлттық статистика хабарламасында.

Бір жылда (2025 жылғы шілде 2024 жылғы шілдеге) жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 9,6%, қолданыстағы пәтер нарығында 7,3% жоғарылады. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 8,2% артты.

Өңірлер бөлінісінде жаңа тұрғын үйдің бағасы Павлодар қаласында — 25,8%, Қызылорда, Алматы қалаларында — 15,3%-дан едәуір қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында ең жоғары баға өсімі Ақтөбе қаласы (19%), Павлодар қаласы (15,8%), Алматы қаласында (14,4%), ал тұрғын үйді жалға алу нарығында — Ақтөбе (32,6%), Семей (23,2%), Көкшетау қалаларында (21,6%).

Бір айдың ішінде (2025 жылғы шілде 2025 жылғы маусымға) жаңа тұрғын үйді сату бағасы 0,2%, пәтерлерді қайта сату 0,9% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 0,8% қымбаттады.

Айта кетелік Қазақстанда тұрғын үй қатынастары туралы заңға маңызды өзгерістер күшіне енген еді

Соңғы жаңалықтар