Елде ядролық зерттеу реакторы салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа зерттеу реакторы мен Ядролық ғылым және технологиялар орталығын құруға қатысты негізгі келісімдерге қол қойылды. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі хабарлады. 

Жаңа зерттеу реакторы мен Ядролық ғылым және технологиялар орталығын құруға қатысты негізгі келісімдерге қол қойылды
Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік

Алматы қаласындағы Ядролық физика институтында зерттеу ядролық қондырғыларын жобалау, салу және пайдалану мәселелеріне арналған семинар басталды. Іс шара Қазақстан мен Ресейдің жетекші мамандарын біріктіріп, тәжірибе алмасу және елдің зерттеу ядролық инфрақұрылымын одан әрі дамыту мәселелерін талқылау алаңы болды. Семинар Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің қолдауымен Ядролық физика институты мен «Росатом Құрылыс Технологиялары» компаниясы бірлесіп ұйымдастырды.

Семинарды Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев ашып, ғылыми-зерттеу базасын жаңғыртудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Ол сонымен қатар өнеркәсіп, атом энергетикасы және ғылыми сектордың дамуы заманауи тәжірибелік қондырғылардың құрылуын қажет ететінін айтты.

Алмасадам Сәтқалиев
Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік

— Мемлекет басшысы атом саласының ғылыми негізін нығайтуға нақты тапсырма берді, қолданыстағы қондырғыларды жаңғыртып, жаңа қондырғылар құруды қамтамасыз ету қажет. Ядролық физика институтында зерттеу реакторын салу, сондай-ақ Ұлттық ядролық орталықта ұқсас жобаны жүзеге асыру, заманауи технологияларды дамытуға, кадрлар даярлауға және ғылыми-өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған маңызды қадам. Қазақстан әртүрлі технологиялық шешімдерге ашық және әлемдік тәжірибені ескере отырып, оңтайлы конфигурацияларды қарауға дайын, — деді Алмасадам Сәтқалиев.

Семинар аясында Ядролық физика институты мен «Росатом Құрылыс Технологиялары» компаниясы арасында өзара түсіністік меморандумына қол қойылды. Құжат көпмақсатты зерттеу реакторын және зертханалық кешенді бірлесіп жобалауды, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану саласында ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.

Жаңа зерттеу реакторы мен Ядролық ғылым және технологиялар орталығын құруға қатысты негізгі келісімдерге қол қойылды
Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік

«Росатом Құрылыс Технологиялары» ЖШС-ң бас директоры Илья Вергизаев Қазақстандық серіктестерге ынтымақтастықты нығайтудағы жүйелі жұмысы үшін алғысын білдіріп, жаңа реактор елдің ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті.

Сонымен қатар, іс шара барысында Қазақстан Республикасы мен «Росатом Құрылыс Технологиялары» компаниясы арасында Ядролық ғылым және технологиялар орталығын (ЯҒТО) құру мәселелері бойынша ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. Құжат жобаны техникалық-экономикалық негіздеуді дайындау және алғашқы іс-шараларды жүзеге асыру аясында өзара әрекеттесуді көздейді.

Семинар барысында мамандар жаңа реактордың техникалық тұжырымдамалары мен мүмкін конфигурацияларын таныстырды, зерттеу бағыттарын, перспективалы материалдарды, заманауи изотоптық технологияларды және жаңа ғылыми нысанды іске қосқанда шешілетін міндеттерді талқылады.

Бірінші күннің қорытындысы ретінде қатысушылар болашақ зерттеу реакторын жобалау және қолдану нұсқалары бойынша пікір алмастырған дискуссиялық сессия өтті. 

Айта кетелік елде салынатын АЭС-терге қажет отын қоры құрылатыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар