Елдегі 85 мектепке Астанадағы Канада мектебінің озық тәжірибесі енгізілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада «Kosem 2025» көшбасшылар форумы өтіп жатыр.

The Ulytau Educational Foundation қоғамдық қайырымдылық қоры мен Астанадағы халықаралық Канада мектебі ұйымдастырған екі күндік іс-шараның панельдік отырысы Ұлттық музейде өтті.
Форумға бизнес көшбасшылар, мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес мекемелердің, қайырымдылық ұйымдарының өкілдері, студенттер мен оқушылар, Астанадағы және өңірлердегі мектеп жетекшілері шақырылыпты.

The Ulytau Educational Foundation қайырымдылық қорының Жезқазған қаласындағы аймақтық өкілдігінің басшысы Гүлмира Жаппасова форум үш өңірдегі 85 мектептің басын қосқанын айтады.
- Бұл қор біздің өңірге 2021 жылы келді. «Қазақмыс» корпорациясы осы қорға өңірдегі мектептердің білім сапасын арттыруға арналған бағдарлама әзірлеп, іске асыру туралы тапсырыс берген болатын. Жезқазғанның Астана, Алматы сияқты ірі қалалардан алшақ жатуы мұғалімдердің де, оқушылардың да өз-өзін дамытуына, өзге өңірдегі әріптестерімен, замандастарымен танысып, зейін көкжиегін кеңейтуіне біраз кедергі келтіреді. Қор осымен төртінші жыл қатарынан Ұлытау облысының 50-ден астам мектебімен тығыз жұмыс істеп келеді. Оның сыртында Қарағанды облысының Балқаш қаласындағы бүкіл мектептер мен ауыл мектептері, Жамбыл облысы Шу ауданындағы 6 мектеп пен 2 колледжде де осы бағдарлама іске асырылып келеді, - дейді ол.
Аталған бағдарлама аясында педагогтердің біліктілігін арттыруға арналған курстар, оқушыларға арналған ағылшын тілінің қосымша сабақтары, ағылшын тілі мұғалімдерін әдістемелік сүйемелдеу шаралары ұйымдастырылады. Ғылыми жобалар мен бағыттар аясында интеллектуалдық ойындар өткізіледі. Ол жобаларға жетекшілік еткен балалардың алды шетелге шыққан.

- Тағы бір бағыт – кәсіби бағдар беру. Оның аясында оқушыларға мамандық таңдау мәселесінде ақыл-кеңес беріліп, қолдау көрсетіледі. Бүгінгі «Kosem 2025» көшбасшылар форумын да біздің қордың ең ірі іс-шараларының бірі деп айта аламын.
Бизнестегі лидерлермен, өз саласында көшбасшыға айналған мұғалімдермен кездесу арқылы балалардың өзіне деген сенімін арттыруды көздеп отырмыз, - дейді Гүлмира Жаппасова.
Айтуынша, форумға өңірлерден шақырылған оқушылар бір апта бойы Астанадағы Канада мектебінде дәріс тыңдап, ондағы замандастарымен танысқан көрінеді.
- Ертең Канада мектебі мен қор бағдарламасына қатысушы мектептер арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар бекітіледі. Осы арқылы Астана мектебінің озық тәжірибесін бірнеше өңірге, ауыл мектептеріне тарату мүмкіндігі туындап отыр.
Канада мектебімен арадағы байланыстың арқасында біздің мектептерде трансформация жүріп жатқанын нақты көріп отырмыз. Ол мектептерде ағылшын тілі пәні Канада мектебінің тәжірибесі бойынша оқытылады. Соның арқасында IELTS тестілеуден 7,5 балға дейін баға алған оқушыларымыз бар, - дейді қайырымдылық қорының өкілі.
Форумға шақырылған қонақтардың арасында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те болды.

- Бұл форумның тақырыбы маған ерекше жақын. Өйткені негізгі мамандығым – информатика пәнінің мұғалімі. Еңбек жолым осы бағыттан басталған. Кейін сол кездегі Білім және ғылым министрінің орынбасары болып жүрген уақытта да жастардың көшбасшылық қабілетін дамыту мәселесімен тікелей айналысқаным бар. Оқушыға мектеп қабырғасында берілетін білім нақты өмірдің мысалдарымен бірге сіңірілуі керек. Озық мемлекеттердің бәрі осы бағытта алға қарыштап кетті. Сондай озық тәсілдің бірі – көшбасшылық қасиетті бала бойынан жеткіншек шағында-ақ оятып, жетілдіру, - деді депутат.
Ұлытау, Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы замандастарын шет тілін меңгерудің әлемдегі озық тәсілдеріне баулып жүрген Аружан Мәлікті әңгімеге тарттық. Астанадағы Халықаралық Канада мектебінің 9 сынып оқушысы шалғайдағы замандастары мен іні-қарындастарына өз білгенін үйрету арқылы өз білімін де санаға бекіте түскенін айтады.
- Мен шалғай мектептердің оқушыларына онлайн байланыс арқылы көшбасшылық бағытындағы тәжірибемді ғана үйретіп қоймай, ағылшын тілінен қосымша үйірме жүргіземін. Соның арқасында мен жетекшілік жасаған кейбір оқушылар шетелге оқуға түсіп кетті. Мен де осының арқасында қалаған оқуыма жолдама алып отырмын, - дейді Аружан.
The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қайырымдылық қорының директоры Марина Хан «Қазақмыс» қаржыландырып отырған бұл жоба бірнеше өңірдегі моно қаланың адами капиталын дамытып жатқанын айтады.
- Біздегі моно қалалардың халқы жаппай көшіп жатыр. Ал Қазақстан экономикасында моно қалалардың алатын орны ерекше. Осы қалаларды білім сапасын көтеру арқылы ғана орнықты дамыта аламыз. «Қазақмыстың» бастамасы бойынша 5 жылдық бағдарлама әзірлегенбіз. Осы екіжақты байланыстың жемісін көрген өзге де тау-кен кәсіпорындардың өкілдері бүгінгі форумға қатысып отыр. Келешекте олар да өз өңірлерінде осындай игі істерге қолдау көрсетеді деген үмітіміз бар, - дейді Марина Хан.
Жоба авторлары бұл форумды дәстүрлі іс-шараға айналдырмақшы.
Айта кетейік, келесі оқу жылынан бастап бастауыш және орта сынып оқушылары жаңа білім стандартына көшеді.