Елдегі АЭС-терге қажет стратегиялық отын қоры құрылады — агенттік
АСТАНА. KAZINFORM — Елде салынатын АЭС-терге қажет отын қоры құрылады. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов мәлім етті.
— Бұл мәселе бойынша Атом энергиясы жөніндегі агенттік тиісті жұмысты атқарып отыр. Қазір Қазақстанда атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясының жобасы әзірлеп жатырмыз. Оның аясында елімізде салынатын атом электр станцияларына қажет стратегиялық шикізат қорын қалыптастырамыз. Осы орайда болашақ АЭС-тер шикізатпен толық қамтамасыз етілмек, — деді Әсет Махамбетов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, кейінгі онжылдықта нарыққа шығарылған уран шикізатының 80-90 пайызы 10 елге тиесілі.
— Қазақстанда өндірілетін уран шамамен дүниежүзінің 40 пайызын қамтамасыз етеді, — деді агенттік өкілі.
Еске салсақ, жақында Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин Қазақстандағы уран қоры 60 жылға жететінін айтқан еді.
Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаровтың мәліметіне қарағанда, елдегі уранның болжамды қоры 2 млн тоннадан астам.
Айта кетейік, Сенат тақтатас мұнайы мен уран өндіруге қатысты заңды мақұлдады.
Уәкілетті органның мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан әлемдік уран өндірудің шамамен 40 пайызын қамтамасыз етті, бұл шамамен 23 мың тонна көлеміне жетеді.