Елдегі ауқымды құрылысқа қандай компаниялар тартылады
АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев келер жылдары ірі құрылыс жобаларына қай компаниялар жұмылдырылатынын айтты.
BIZDIÑ ORTA подкастында «Халықтық құрылыс» бағдарламасына өзінің үлесін қоса алатын шағын құрылыс компанияларын қамтуға қатысты сұрақ қойылды.
— Бұл жерде жергілікті атқарушы органдар өзі тапсырыс беруші ретінде мемлекеттік конкурс арқылы өткізетін болса, бұл тұрғыда оның талаптарына сай келетін мекеме ұтып алады. Егер де тәжірибесі жоқ, жаңадан ашылған мекеме болса, ол сол жеңген мекемеден субмердігерлік түрде жұмысты алып, өзінің тәжірибесін жинақтау керек деп ойлаймын. Сол өңірдегі ірі компаниялармен бірігіп, солардың қанатының астында өзіне кішкене тәжірибе жинап, алдағы уақытта келесі конкурстарға қатысуға мүмкіндік болады. Бұл тұрғыда жобалау немесе құрылыс-монтаждау қызметтері лицензияланатын жұмыс түрлеріне жатады, — Қанат Мыңбаев.
Осы орайда ол әрқайсында бірінші кезекте лицензиясы болуы керек екенін айтты.
— Лицензияның өзі категорияларға бөлінеді. Мысалы, ешқандай тәжірибесі жоқ жаңадан ашылған мекемеге бірден бірінші категорияны ешкім бермейді. Өйткені, бірінші категория лицензиясын алу үшін кемінде 10 жыл тәжірибе болуы керек. Оның барлығы да сол сатыдан өту керек болады. Ірі деңгейге жету үшін тиісті жұмыс өтілі мен тәжірибе жинауы керек, — деді комитет өкілі.
Еске сала кетейік, Президент «Халықтық құрылыс» бойынша комиссияның құрамын бекіткен болатын.
Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінген қаражаттың әр кезеңде қалай жұмсалатынын мемлекеттік комиссия бақылайтын болады.
Осы құрылыс жұмыстарына 6,5 трлн теңге бөлінеді.