Елдегі ең төменгі жалақы 174 мың теңгеге дейін көтеріле ме – вице-премьер жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысынан кейін ең төменгі айлықты көтеру туралы депутат ұсынысына жауап берді.

- Депутаттардың бірі ең төменгі еңбекақы мөлшерін 174 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынған болатын. Бұл қаншалықты мүмкін, - деп сұрады журналист.
Вице-премьер бұл мәселеге байыппен келмесе, инфляцияны өршітіп алуға болатынын айтты.
- Ең төменгі айлық – өте күрделі мәселе. Оны көтерумен байланысты бірнеше теория бар. Бұл жерде инфляция тәуекелдерін де ескеру керек. Өйткені ең төменгі айлықты көтеру, біріншіден, өндірістің шығындарын көтереді. Екіншіден, тұтыну секторына қосымша ақша әкеледі. Бұл сұранысты арттырып, инфляцияға әсер етеді. Сондықтан бұл мәселеге өте байыппен келу керек. Ең төменгі айлықтың инфляцияға ұзақ мерзімде қалай әсер ететіні туралы есептер жоқ. Дегенмен кейбір сарапшылар әсері әрдайым болатынын айтады. Көтеру керек, бірақ күрт көтеруге болмайды, - деді ол.
Айта кету керек, Қазақстанда ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін өзгерту туралы ұсыныстар талайдан бері айтылып жүр.