Елдегі геологиялық зерттеуде қандай жетістіктер бар

АСТАНА. KAZINFORM — Таяу арада ірі кен орындары ашыла ма? Бұл сұраққа Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауап берді.

геология
Фото: pixabay.com

- Мемлекет басшысының геологиялық-геофизикалық зерделеу алаңын 2026 жылға дейін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен 1:200 000 масштабта жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жөніндегі өңірлік жұмыстар орындалып жатыр. 2025 жылғы жұмыстардың нәтижесі бойынша «Ел аумағын геологиялық-геофизикалық зерттеумен қамту» көрсеткіші 2038,2 мың шаршы шақырым құрады. Алдағы уақытта қатты пайдалы қазбаларға іздеу жұмыстарын жүргізуге 29 перспективалы алаң анықталды. 2026 жылы ел аумағын геологиялық-геофизикалық зерделеуді арттыру жөніндегі жобалар жалғасады. Жалпы қамту аумағы 2,2 млн шаршы шақырымға қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 47 нысанда жұмыстарды аяқтау жоспарланған, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар, геология саласындағы басым міндет - 1:200000 масштабтағы геологиялық зерттеулерді аяқтап, егжей-тегжей 1:50000 масштабты геологиялық зерттеулерге көшу.

- 2026-2028 жылдар кезеңінде 100 мың шаршы шақырым алаңда 1:50000 масштабты геологиялық түсірілім жүргізу жоспарланған. Бұл 1:50000 масштабқа көшу тәсілі перспективалы учаскелерді ерте анықтауға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және халықаралық стандарттағы геологиялық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Жобаларда геологиялық картаға түсіру бойынша, оның ішінде қазіргі заманғы зерттеу әдістері, зертханалық сүйемелдеу, жер қойнауын зерттеудің жерүсті әдістерін (топография, бұрғылау) қамтитын жұмыстардың толық кешені ескерілген, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Айта кетейік, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге 40,7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінетіні мәлім болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдың соңына қарай ел аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін геологиялық-геофизикалық зерделеуді қамтуға қол жеткізу жоспарланған.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум