Елдегі инфляция төмендей ме

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Елдегі инфляция төмендемей, базалық мөлшерлеме жоғары болып қала береді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қаржыгерлер конгресінде айтты.

инфляция
Фото: Kazinform

Ұлттық банк төрағасының сөзінше, инфляция 5 пайызға дейін баяуламайынша, базалық мөлшерлеме 9-10 пайызға дейін төмендемейді. Яғни, банктердің 11-12 пайызбен несие беруіне еш мүмкіндік жоқ. Ең алдымен инфляция мәселесін шешіп алу керек.

«Бұл – бюджет шығынын қысқарту мен кірісін ұлғайту, Ұлттық қордан шамадан артық қаржы алмау.Салықты көбейту керек. Бұл оңайға түспейтіні анық. Алайда, бұдан басқа жол жоқ. Сондықтан инфляцияны бақылауға алып, мемлекеттік қаржыны реттемей, жүйелі тәртіп орнатпайынша, бұл мәселе шешілмейді. Аз уақыт ішінде кейбір мемлекеттік шығындарды қысқарту және кірісті арттыру қажет болады. Кірістерді арттыру дегеніміз – ашық айтқанда, салықты көбейту, жекешелендіру, мемлекеттік активтерді сату және мемлекеттік резервтерді арттыру. Еліміз үшін инфляция мен мемлекеттік қаржыны ретке келтіру маңызды»,- деді Тимур Сүлейменов.

Бұған дейін хабарланғандай, қаржы ұйымдарының активтері 65 трлн теңгеге ұлғайды.

Келесі жылы қаржы саласында қандай өзгерістер болады.