Елдегі кәріз желілерінің жартысынан астамы тозған

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда кәріз желілерінің 54%-ы тозған. Ал сарқынды су тазарту құрылыстарының тозу деңгейі 65%-дан асады. Бұл мәселені шешу үшін 45 қалада тазарту нысандары салынып, жаңартылады.

кәріз желісі
Фото: Үкімет

Сонымен қатар 7,8 мың шақырым су құбыры мен кәріз желісі жөнделеді. Жұмыстарға шамамен 1,9 трлн теңге қарастырылған.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері мәлімдеді.

Қазақстандағы су құбыры желілерінің ұзындығы — 111 мың шақырым. Оның 38%-ы тозған. Ал ұзындығы 18 мың шақырым болатын кәріз желілерінің тозу деңгейі 54%-ға жеткен. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіштерді тиісінше 33% және 41%-ға дейін төмендету жоспарланған.

— Су құбыры желілерін жаңартуға 700 млрд теңге, кәріз жүйесін жөндеуге 400 млрд теңге бөлінеді. Биыл жыл соңына дейін су құбырларының тозуын 37%-ға, кәріз желілерінікін 52%-ға дейін азайту көзделген, — деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков.

Қазір жалпы құны 356 млрд теңге болатын 146 жоба іске асырудың әртүрлі кезеңінде тұр. Оның 95-і су құбыры желілерін, 51-і кәріз инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған.

— Қазіргі уақытта 69 жоба іске асырылып жатыр, 23 жоба конкурстық рәсімдерге дайындалып, тағы 54 жоба келісу кезеңінде, — деді ол.

Елдегі кәріз желілерінің жартысынан астамы тозған
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Алайда ескі құбырларды ауыстыру жеткіліксіз. Сарқынды суды тазартатын нысандардың да жағдайы күрделі. Еліміздегі тазарту құрылыстарының тозуы 65%-дан асады. Сондықтан 45 қалада жаңа нысандар салынып, қолданыстағылары реконструкцияланады. Бұл жұмыстарға 800 млрд теңге қарастырылған.

— Біздің міндетіміз — жекелеген учаскелерді ғана емес, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін кешенді түрде жаңарту. Егер сарқынды су келіп түсетін тазарту құрылыстары тозған жабдықтармен жұмыс істей берсе, құбырларды ауыстырудың өзі жеткіліксіз. Сондықтан жаңғырту су құбыры желілерін, кәріз жүйелерін және тазарту нысандарын түгел қамтиды, — деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы.

Оның айтуынша, жаңғыртудың мақсаты — тұрғындарды сенімді коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етіп, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру.

Айта кетейік, Алматыда қайтарылған активтер есебінен 49,3 км су және кәріз желісі жаңартылды.