Елдегі кәсіпорындар қанша жеңіл көлік шығарды
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері еліміздегі кәсіпорындар қанша жеңіл көлік шығарды? Бұл сұраққа ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауап берді.

— Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы деректеріне сәйкес, 2025 жылдың 7 айында 75 406 жеңіл автомобиль шығарылды. 2024 жылғы қаңтар–шілдедегі нәтижелермен салыстырғанда өсім 19 пайыз шамасында, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
«Қазақстанның автокөлік одағы» (ҚАО) мәліметінше, жалпы жеті айда кәсіпорындар 1,16 трлн теңгеге 83 259 техника құрастырды. 2024 жылғы қаңтар мен шілде аралығында өндіріс көлемі 16,7% ұлғайып, машина жасау саласындағы үлесі 40,7 пайызға жетті.
Бұл тұрғыда елдегі зауыттар көптеп шығаратын көлік түрі — жеңіл автомобиль (75 406; +19%). Сонымен қатар 4 091 (-10,5%) жүк көлігі мен 1 361 автобус (+5,5%), 1 948 тіркеме мен жартылай тіркеме және 453 басқа техника түрі жасалды.
2025 жылдың қаңтары мен шілдесі аралығында шығарылған көліктердің арасында аса танымал болған бес бренд (экспортты қосқанда): Hyundai (30 850 көлік), Chevrolet (16 598), Kia (14 856), Jetour (7 116) және Jac (5 641). Модельдер қатарында Chevrolet Cobalt (13 628), Hyundai Tucson (11 849), Kia Sportage (6 999), Hyundai Elantra (4 905) және Hyundai Mufasa (4 636) басым.
Сонымен қатар, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ақпаратына қарағанда, 2025 жылғы қаңтар–шілдеде автокөлік құралдарын, трейлерлер мен тіркемелерді өндіруге инвестициялар 86,3 млрд теңге болды. Бұл 2024 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 85 пайызға артық (46,6 млрд теңге).
Айта кетейік, елде электромобильдер 18 мыңға жуықтады.