Елдегі қай қалада шипажайда демалу арзан

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қазақстанда шипажайда емделу мен тынығудың құны қалаға және таңдалған мекемеге қарай айтарлықтай өзгереді. Бір қаланың өзінде қалтаға қонымды ұсыныстармен қатар, қымбат курорттармен бәсекелесетін шипажайлар да бар.

Оқжетпес шипажайы
Фото: Kazinform

Ұсынылған қалалар арасында шипажайдағы бір тәуліктің ең жоғары құны Алматыда тіркелген — 200 мың теңгеге дейін. Астана мен Қонаевта бұл көрсеткіш 180 мың теңгеге жетеді. Алайда осы екі қаладағы ең төменгі баға бірдей емес: елордада шипажайда емделу мен тынығу 12 мың теңгеден басталса, Қонаевта 10 мың теңгеден басталады.

Тәулігіне 10 мың теңгеден басталатын ең қолжетімді ұсыныстар Қарағанды, Қостанай және Қонаев қалаларында бар. Дегенмен бағаның жоғарғы шегі бұл қалаларда әртүрлі: Қарағандыда 98 мың теңгеге, Қостанайда 96 мың теңгеге, ал Қонаевта 180 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл бастапқы бағасы төмен шипажайлардың бәрі бірдей арзан дегенді білдірмейді. Таңдау аясы кеңейген сайын қызмет құны да едәуір өсуі мүмкін.

Алматыда шипажайда бір тәулік тынығу мен емделу құны 20 мыңнан 200 мың теңгеге дейін барады. Бұл — салыстырылып отырған қалалар арасындағы ең жоғары шекті баға. Астанада тәуліктік құн 12 мыңнан 180 мың теңгеге дейін, ал Қонаевта 10 мыңнан 180 мың теңгеге дейін өзгереді. Аталған үш қалада ең төменгі және ең жоғары бағаның арасы едәуір алшақ.

шипажай
Инфографика: Kazinform

Көкшетауда шипажайда бір тәулік емделіп, тынығу құны 20 мыңнан 125 мың теңгеге дейін жетеді. Қарағандыда баға 10 мыңнан 98 мың теңгеге дейін, Қостанайда 10 мыңнан 96 мың теңгеге дейін, ал Түркістанда 20 мыңнан 95 мың теңгеге дейін өзгереді. Павлодарда бір тәуліктің құны 22,5 мың теңгеден басталып, 68 мың теңгеге дейін барады.

Баға айырмашылығы салыстырмалы түрде төмен қалаларда шипажай қызметтерінің құны да бір-біріне жақын. Оралда бір тәулік тынығу мен емделу 25 мыңнан 35 мың теңгеге дейін тұрса, Талдықорғанда 22 мыңнан 30 мың теңгеге дейін жетеді. Ақтау мен Таразда баға 17,5 мыңнан 25 мың теңгеге дейін өзгереді. Жезқазғанда шипажайда бір тәулік болу құны 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін болса, Шымкентте 17 мыңнан 25 мың теңге аралығында.

Атырауда шипажайдағы бір тәуліктің құны 18,5 мыңнан 42 мың теңгеге дейін жетеді. Ақтөбе мен Өскеменде бұл көрсеткіш 20 мыңнан 50 мың теңгеге дейін өзгереді. Семейде баға 18 мыңнан 47 мың теңгеге дейін, Петропавлда 17,5 мыңнан 30 мың теңгеге дейін болса, Қызылордада 25 мыңнан 50 мың теңгеге дейін барады.

Осылайша, ұсынылған қалалар арасында шипажайда бір тәулік тынығу мен емделудің ең төменгі бағасы Қарағандыда, Қостанайда және Қонаевта тіркелген. Ал ең жоғары баға Алматыда, Астанада және Қонаевта ұсынылады. Дегенмен шипажай таңдағанда тек жолдама құнына қарап шешім қабылдау жеткіліксіз. Бағаға тұру, тамақтану, емдік-сауықтыру процедуралары мен қосымша қызметтердің қайсысы кіретінін де нақтылаған жөн.

Бұған дейін елімізде шипажайда емделуге мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілетіні туралы жазғанбыз.