Елдегі киік саны 4,6 миллионнан асты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қазақ жеріндегі киік саны – 4 689 000. Биыл Орал, Бетпақдала және Үстірт популяцияларында да өсім тіркелді.

сайгаки
Фото: Охотзоопром

Елімізде 7–25 сәуір аралығында киік санағы өтті.

Санақты «Охотзоопром» ӨБ РМКК Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті және оның Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Абай және Ұлытау облыстарындағы аумақтық инспекциялары бірлесе өткізді. Бетпақдала, Үстірт және Орал популяцияларындағы санақ әуеден жүргізілді.

- Әуе есебі Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының, сондай-ақ Ұлытау және Абай облыстарының аумақтарында жүргізілді. Ақбөкендерді әуеден есепке алу жұмыстарына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті зоология институтының ғылыми қызметкерлері, сондай-ақ «Бөкейорда», «Ырғыз-Торғай», «Алтын Дала», «Қорғалжын» және «Ұлытау» ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының өкілдері қатысты. Орал популяциясының саны 2 700 000 басқа жетіп, өсім 17,4%-ды құрады. Бетпақдала популяциясындағы киік саны 1 870 000 бас болып, өсім 16,9% көрсетті. Ал Үстірт популяциясының саны 119 000 басқа жетіп, өсім 52,6%-ды құрады,- деп хабарлады ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі. Дегенмен ақбөкеннің санын дәл анықтау мүмкін емес. Киіктің қыстан аман шығуына жайылымның жай-күйі әсер етеді. Сонымен бірге індет де киік өліміне әкеліп соғуы мүмкін.

Еске салсақ, Батыс Қазақстан және Павлодарда шаруалар киік санын реттеуді сұрады. Былтыр киік еті сатуға шығарылғанымен, сұраныс көп болмады.