Елдегі маңызды өзгерістердің тағдырын халықтың өзі референдум арқылы шешеді - депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Сенат депутаты Амангелді Есбай Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысындағы ұсыныстарына қатысты пікір айтты.
- Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар стратегиялық бастама ұсынды. Атап айтқанда, Вице-Президент лауазымын енгізу және Қазақстанның Халық Кеңесін құру жөніндегі ұсыныстар – елдің мемлекеттік басқару жүйесін институционалдық тұрғыдан нығайтуға бағытталған кешенді реформалардың маңызды бөлігі. Маңызды жайт – бұл бастамалар парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының қызметі барысында қоғамнан, сарапшылардан, заңгерлерден және қоғамдық ұйымдардан келіп түскен көптеген ұсыныстарды талдау нәтижесінде қалыптастырылды. Аталған өзгерістер жоғарыдан таңылған шешім емес, керісінше, қоғамдық сұраныс пен кәсіби пікірлерге негізделген. Президент ұсынғандай, Вице-президент Мемлекет басшысының ұсынысымен және Парламенттің келісімі арқылы тағайындалады. Оның құзыреті Президент айқындайтын өкілеттіктер аясында белгіленіп, халықаралық алаңдарда ел мүддесін қорғау, Президенттің Парламенттегі өкілдігін жүзеге асыру, қоғамдық-саяси және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау секілді маңызды бағыттарды қамтиды. Бұл институт мемлекеттік басқарудағы иерархияны нақтылап, билік жүйесінің сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған, - деді Амангелді Есбай.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы елге қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтатын, жалпыұлттық деңгейде тұрақты диалог жүргізуге мүмкіндік беретін кең платформа қажет екенін атап өтті. Бұл платформа халықтың бірлігі мен тұтастығын нығайтуға үлес қосып отырған негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қамтуы тиіс.
- Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайдың тарихи тұрғыдан маңызды миссияларын табысты орындағаны айтылды. Аталған институттар өз кезеңінде мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты күшейтуге, этносаралық келісімді қамтамасыз етуге және елдегі тұрақтылықты сақтауға айрықша үлес қосты. Қазіргі жағдайда бұл миссияларды жаңа институционалдық форматта жалғастыру қажеттігі туындап отыр. Осы логиканы негізге ала отырып, Қазақстанның Халық Кеңесін құру ұсынылды. Жаңа орган өз қызметінде Ассамблея халықтары мен Ұлттық құрылтайдың негізгі функцияларына стратегиялық сабақтастықты сақтайды. Оның басты бағыты – қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жүйелі түрде нығайту болып қала береді. Қазақстанның Халық Кеңесі жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады. Кеңестің құрамы 126 адамнан қалыптасады. Оның ішінде 42 өкіл – этномәдени бірлестіктерден, 42 өкіл – ірі қоғамдық бірлестіктерден, сондай-ақ 42 өкіл мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден ұсынылады. Бұл тәсіл Кеңесте өңірлік, әлеуметтік және этномәдени мүдделердің тең дәрежеде қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, Халық Кеңесі заң шығару бастамасы құқығына ие болады, бұл оның мемлекеттік саясатты қалыптастырудағы рөлін едәуір арттырады, - деді депутат.
Аталған конституциялық жаңашылдықтардың барлығы алдағы жалпыхалықтық референдумда азаматтардың қолдауына ие болған жағдайда ғана іске асырылатынын ерекше атап өткен жөн.
- Бұл – ұсынылып отырған реформалардың легитимділігі мен қоғамдық маңызын айқындайтын басты шарт. Мен бұл бастамаларды қоғамның нақты сұранысынан туындаған, жан-жақты ойластырылған әрі уақтылы ұсыныстар деп санаймын. Вице-президент институты мемлекеттік басқаруда шешім қабылдау тиімділігін арттыра отырып, билік органдары арасындағы үйлестіру мен жауапкершілікті күшейтеді, ал Халық Кеңесі билік пен қоғам арасындағы ашық әрі тұрақты диалогтың тиімді алаңына айнала алады. Ең бастысы – бұл өзгерістердің тағдырын халықтың өзі референдум арқылы шешеді. Осындай тәсіл Қазақстандағы саяси реформалардың шынайы демократиялық сипатын көрсетеді деп есептеймін, - деді сенатор.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау беруді ұсынды.