Елдегі әуежайлардың маңына 350 нысан заңсыз салынған – Бас прокурор

ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет келтірген.
«Қазақстан Республикасының əуе кеңістігін пайдалану жəне авиация қызметі туралы» Заңның 90-бабының 4-тармағына сəйкес əуе айлағының бақылау нүктесінен он бес километр жақын қашықтықта тағам қалдықтарын тастайтын орындарды, аң фермаларын, қасапханаларды жəне құстарды тартумен жəне олардың топталып жиналуымен ерекшеленетін басқа да объектілер құрылысын орналастыруға тыйым салынады. Осы тыйым салуға қарамастан əуежайлардың əуеайлақ маңындағы аумақтарында құстарды тартумен жəне олардың топталып жиналуымен ерекшеленетін 350 объекті салынды», - деп жазады Бас прокурор.
Оның мәліметі бойынша, əуежайлардың жанында қатты тұрмыстық қалдық полигондары мен рұқсат етілмеген полигондардың орналасуы əуе тасымалының қауіпсіздігін нашарлатқан.
«Мысалы, Алматы қаласының əуежай аймағында осындай 10-нан астам нысан жұмыс істейді. Өз кезегінде, Азаматтық авиация комитетінің мақұлдауынсыз Шымкент қаласы əуежайының 4 шақырымдық аймағында 1 303 объекті салынды. Осыған ұқсас фактілер еліміздің барлық өңірлерінде (Қостанай облысын қоспағанда) анықталды, онда тиісті келісімсіз 100 мыңнан астам түрлі құрылыс объектілері салынды», - деп жазылғна Берік Асыловтың жауабында.
Сондай-ақ, Бас прокуордың мәліметі бойынша, Астанадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Азаматтық авиация комитеті қызметкерлерінің үстінен «Fokker-100» ұшағының Алматы іргесіндегі апатына байланысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
Ал 2021 жылдың мамырында Алматыдағы әуе айлағының маңайында жерді заңсыз сатқандар сотталған болатын.
Алматы әуежайы апатқа ұшыраған «Bek Air» ұшағының соңғы сәттерінің хронологиясын жариялаған.