Елден 3,1 млн тонна астық экспортталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астық экспорты Өзбекстанға — 32,8%-ға, Қырғызстанға — 2 есе, Ауғанстанға — 28,8%-ға артқан. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақ темір жолы» АҚ деректері бойынша, 2025 жылғы қыркүйектен 27 қарашаға дейін 3,1 млн тонна астық шығарылған. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылдың осы кезеңінде 2,7 млн тонна дән экспортталған.
Қазақстан астықтың экспорттық тасымалы: Өзбекстанға — 32,8%-ға (1 066 мың тоннадан 1 416 мың тоннаға дейін), Қырғызстанға — 2 есе (44 мың тоннадан 90 мың тоннаға дейін), Ауғанстанға — 28,8%-ға (139 мың тоннадан 179 мың тоннаға дейін) артқан.
Айта кетелік елде егін жинау науқаны табысты аяқталды. Дәнді дақылдардың өнімі 27 млн тоннадан асып, майлы дақылдардың жиналымы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті.
Биыл дәнді дақылдардан рекордтық өнім алынды — бастапқы салмақта 27,1 млн тонна, оның ішінде бидай — 20,3 млн тонна. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,5 млн тоннаға көп, алайда бидайдың егіс алқабы шамамен 900 мың гектарға қысқарған болатын.
Биыл алғаш рет бұршақ дақылдарының өнімі 1 млн тоннаға жетті.
Майлы дақылдар бойынша да рекорд тіркелді — 4,5 млн тонна, кей өңірлерде жинау жұмыстары әлі де жалғасуда. Бұл дақылдар егіс құрылымында барған сайын табысты әрі сұранысқа ие болып отыр.
Өсімдік шаруашылығының басқа бағыттары бойынша да жақсы нәтижелерге қол жеткізілді: картоп — 2,9 млн тонна, көкөніс — 3,8 млн тонна, бақша дақылдары — 2,6 млн тонна жиналды.