Елдестірмек - елшіден

АСТАНА. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Нұрбек Жолтайұлы/ - Сыртта жүрген дипломаттардың күнделікті қызметінен жауапкершілігі аса жоғары қызу еңбек емес, романтиканы көбірек іздейтіндер жаңылысады. Өмірін сыртқы саясатпен байланыстыруға қызығатын жастарымыз үшін дипломатиялық қызметті шетелде әсем өмірдің бөлшегі ретінде қарастырған қате болар. Басқа кәсіптерден артық болмаса, еш кем
None
None

емес жауапкершілік, әрі оны жолдап отырған Елдің аманаты қазақ дипломатының ары мен азаматтығына үлкен сын. Себебі, шет жатқан жұрт Елшісіне қарап қазақты таниды.

Осыдан 18 жыл бұрын, 1992 жылғы шілденің 2-сінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігін құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Сол күннен бастап Қазақстан өз сыртқы саяси стратегиясын жүзеге асыруға кіріскен.

Негізі мемлекеттің мықтылығы тек экономикалық, қарулы күштердің немесе ғылыми-техникалық жетістіктердің көрсеткіштерімен байқалмайды, сонымен қатар бұл жерде баянды сыртқы саясат та үлкен маңызға ие. Тәуелсіздік алған кезден бастап-ақ Қазақстан халықаралық қауымдастықтың аумалы-төкпелі қызметіне өз күшіне деген сеніммен кіріп, өз орнын нақты белгілей алды.

Шын мәнінде Қазақстанға сыртқы саясатын өте қиын кезеңде құруға тура келді. Ол кезде елімізде саяси, әлеуметтік-экономикалық күйзеліс орын алып тұрған еді. Соған қарамастан мемлекетіміздің басшылығы сыртқы саясаттың маңыздылығын ескере отырып, қалай болғанда да халықаралық қатынастар алаңынан шеттетіліп қалмау керектігімізді жете түсінді. Себебі, халқымыздың өркендеуі, мемлекетіміз әлемге танылуы үшін бұл өте қажетті қадам болатын.

Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында еліміздің сыртқы саясаты кадр тапшылығын айқын сезінді. Сыртқы саясатқа өзге салалардан мамандарды тарту үрдісінің астарын да содан іздеген жөн. Бірақ бұл үрдіс те жемісін берді. Түрлі салалардан дипломатияға «қоныс аударған» Қанат Саудабаев, Мырзатай Жолдасбеков, Нұртай Абықаев, Жәнібек Кәрібжанов, Әуезхан Қырбасов, Зауытбек Тұрысбековтер сыртқы саясаттың майталмандарына айналып үлгерді.

Еліміздің әлемдік қауымдастық елдерімен байланыстарын орнату және оны тереңдету шетелдерде Қазақстанның елшіліктерін, Бас консулдықтарын ашу секілді қажетті дипломатиялық инфрақұрылымдарды дамыту ісімен қатар жүрді.

Қазіргі кезде әлемнің түрлі елдерінде Қазақстанның 71-ге тарта дипломатиялық және консулдық өкілдіктері жұмыс істейді. Оның 49-ы дипломатиялық (41 елшілік және 8 дипөкілдік), 19-ы консулдық мекемелер (7 бас консулдық, 12 консулдық), біреуі - елшіліктің бөлімшесі, екеуі - халықаралық ұйымдардағы өкілдіктер. Бүгінде 7 халықаралық ұйымда Қазақстанның арнайы тағайындалған ресми өкілдері бар.

Өзінің шын мәнінде дербес Сыртқы істер министрлігі қызметінің 18 жыл ішінде Қазақстан халықаралық қауымдастық алдында өзіндік беделі бар елге айналып үлгерді. Осы жылы Еуропаның төрін билеген ЕҚЫҰ секілді әлемнің ең ірі аймақтық қауіпсіздік ұйымына жетекшілігіне қол жеткізсе, келер жылы Ислам Конференциясы бірлестігінің тізгінін ұстамақ. Осының өзі тәуелсіздік алғалы бері біздің сыртқы саясатымыз қандай деңгейге көтерілгенін артық сөзсіз-ақ аңғартады.

Қазақстан көпвекторлы саясатты ұстанған ел. Кейбір сарапшылардың айтуынша көпвекторлы саясатты ұстану - жауапкершілікті мойынға алмау деген ұғымды білдіреді деп пайымдауда. Алайда, бұл жерде ол пікірмен келісу қиын. Себебі, керісінше көпвекторлы саясатты ұстану үлкен жауапкершілікті арта отырып, дипломатиялық шеберлікті қажет етеді.

Негізі сыртқы саясат тікелей мемлекеттің географиялық орналасуына байланысты құрылады. Біз Батыс пен Шығыстың ортасында жайғасқан елміз. Сондықтан да біз ең алдымен теңдестірілген саясатты ұстануымыз керек.

Бүгін осындай қиын мәселелерде халықаралық деңгейде қазақтың ұлттық мүддесін қорғайтын азаматтарымызға күш-жігер тілей отырып, дипломаттарды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтасақ, сірә, еш артықшылығы болмас.

Соңғы жаңалықтар