Елдігіміз бен ұлттық болмысымызды айшықтап көрсетер шығармаларды сахнаға әкелуде оңды бетбұрыстар бар - Аманкелді Мұқан

т /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақ театр өнерінде Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театрының рөлі өте зор. Біз осыған орай тәуелсіздік кезеңіндегі өнер ордасының даму белестері туралы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Театр өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымының кандидаты Аманкелді Мұқанды сұхбатқа тартып едік.
None
None

- Амангелді Оразбайұлы, Тәуелсіздік кезеңі еліміздегі театр өнерінің дамуына қаншалықты ықпал етті?

Тәуелсіздік алу ең алдымен ұлтымыздың рухани тұрғыдан қайта түлеуіне, соның ішінде театр өнерінің дамуына тигізер ықпалы зор болды. Аталмыш кезеңнің алғашқы жартысында өзге жанрларға қарағанда күрделі құрылымдардан тұратын опера өнерінің басып өткен шығармашылық жолын бағамдасақ, бір ізділік, біркелкі бағыттан гөрі бұралаң ізінің де бар екендігін көреміз. Ұлт тарихына, оның бетке ұстар тұлғаларын жаңаша, соны көзқараспен пайымдау көркем әдебиет пен өнердің барлық салалары үшін маңызды шаруа болатын. Халқымыздың ұлыларын ұлықтау, бұған дейін айтуға немесе жазуға рұқсат етілмеген, немесе әдейі бұрмаланған ақтаңдақтармен жұмыс істеп, шындықты қалпына келтіруге даңғыл жол ашылды. 1993 жылдың наурыз айының 17-18 жұлдызында Алматы қаласында ҚР Мәдениет министрлігінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Онда Елбасының бұйрығымен жаңадан сайланған ҚР Мәдениет министрі Е.Рахмадиев: «Қазір театр, концерттік ұйымдарға сын кезең. Халық тарихына қайта оралу, Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, тағы да басқа қайраткерлер, халық ұлдары туралы шығармалар керек. Мәселен, «Махамбеттен» кейін (Б.Жұманиязовтың 1987 ж. сахнаға қойылған операсы) бір де бір опера не балет жазылмапты. Жазылған, бірақ сахнаға қойылмағасын сол қалпы сөрелерде шаң басып қала берген. Демек, репертуарды жаңалау қажет» - деген тұжырымдама жасайды.

- Тәуелсіздік кезеңінде театр репертуарының жаңа шығармалармен толығуы қалай жүрді?

Бұл кезеңде театрларымыз тарихи тақырыптарға көбірек ден қоюы заңдылық болатын. Кеңестік идеологияның шектеуімен ашық айтылмай келген өз тарихымызға тереңдей үңілу, күрделі де қиын белестерде елге, халыққа тұтқа болған тұлғалар өмірі мен шығармашылығына деген қызығушылық әдебиет пен өнердің өзекті тақырыптарына айналды. Сондықтан «жариялық» заманынан бастап опера театрының репертуарынан орын алған: Ғ.Жұбанованың «Құрманғазы» (1987), Б.Жұманиязовтың «Махамбет» (1990) операларының қатары Е.Рахмадиевтің «Абылай хан» (2004), А.Серкебаевтың «Томирис» (2007) секілді қазақ халқының айбынды тарихи тұлғаларына арналған туындылар қайта құру және егемендік кезеңдегі театр ерекше мән беріп сахналаған шығармалар. Халық орталықтың бұғауынан еркіндікке қол жеткізген кезде бірінші кезекте өзінің өткен тарихына, жабулы қазан күйінде күні кешеге дейін ақтаңдақ болып келген өткен тарихи белестеріне, қоғамдық-саяси тұлғаларын түгендеуден бастауы біздің қоғам мен уақыт талабынан туындаған қажеттілік болатын.

Композиторларымыздың жаңа опера шығармаларының аз сахналануы 15 жылға жуық уақытқа тоқтап қалуы әлемдік классикалық туындыларды жиі қоюға бет бұрғызды. Уақыт сынынан сүрінбей өткен әлемдік опера репертуарының інжу-маржандары бұл кезде қазақ опера театрының негізгі репертуары болды десек қателеспейміз. Тіпті театр өзінің тұрақты сахнасы болмаған кезде де бірнеше жыл қатарынан әлемдік, орыс операларын орындауға, күрделі партитураларды өз күшімен концерттік сахнаға алып шығарып отырды. Бұл қойылымдар өздерінің шығармашылық бағыт-бағдарын, орындаушылық мүмкіндіктерін елеп-екшеген театрдың қиын-қыстау кездегі шығармашылық қарымын көрсетеді.

-Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде (1991-1996) халықтың әл ауқаты мен оның шығармашылық әлеуеті ел экономикасының дамуымен тікелей байланысты болды. Қоғам басынан кешкен әр алуан экономикалық, әлеуметтік, саяси өзгерістің бәрі театрдың шығармашылық жұмысына өз ықпалын тигізгені анық. Бұл туралы сіздің ой-пікіріңіз қандай?

Театр труппасындағы С.Байсұлтанов, Н.Үсенбаева, Ж.Баспақова, С.Ищанова, Т.Күзембаев сынды тағы басқа да талантты орындаушылар құрамы сахнада небір күрделі опера шығармаларын қоюға мүмкіндік берді. Алайда, театрды қаржыландыру жеткілікті мөлшерде болмауы, шығармашылық топты тоқыраудан алып шығатын көркемдік жетекшінің тапшылығы, театрдың өзге де бас мамандарға /дирижер, балетмейстер, режиссер, т.б./ тіпті қатардағы әртістерге деген сұраныстың толық, тіпті жартылай болса да қанағаттандырылмауы театрдың шығармашылық қабілетін күрт төмендетіп жіберді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары театр сахнасы жаңа қойылымдарға аса бай болған жоқ. Шағын бюджетті қойылымдармен жылдық жаңа қойылымдар сандық деңгейін ұстап тұруға тырысқан театр әкімшілігі аз шығынмен шығуға тырысып бақты. Бұл кезеңде Н.Римский-Корсаковтың «Моцарт пен Сальери» (23.02.91), Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» (29.10.92), К.М.Вебердің «Сыйқырлы атқыш» (26.12.92), Э.Колмоновскийдің «Ақшақар мен жеті ергежейлі» (24.04.93), Г.Свиридовтің «Шаруалар әні»(25.04.93), Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» (14.02.94), Д.Шостаковичтің «Ақымақ тышқан» (23.02.95) сияқты аса көп материалдық шығынды және көп орындаушылар құрамын қажет етпейтін камералық опералардың қойылуы театрдың сол кездегі хал-ахуалынан хабар бере алады. Бұл кезеңде ұлттық опера репертуарының үздік үлгілері сахнаға бірнеше мәрте қайталап қойылды. Соның бірі Е.Рахмадиевтің «Қамар-сұлу» (1963), «Алпамыс» опералары.

Жалпы 90-жылдар басында театрда қалыптасқан шығармашылық хал-ахуал әлемдік шығармаларды меңгеру барысында күн тәртібінде тұрған көптеген мәселелердің басын ашып берді. Бұл кезең аралығында театр ұжымында табысты еңбек еткен: Е.Серкебаев, Б.Төлегенова Р.Жаманова, Р.Жұбатұрова Ғ.Есімов, Ә.Дінішев, Қ.Қалиламбекова Ш. Үмбеталиев, Л.Асланова, В.Яковенко, М.Мұсабаев К.Бақтаев секілді шеберлердің шығармашылық жолы аяқталып олардың ізін басқан орта, жас буын талантты орындаушылар легі сахнаға шықты. Солардың қатарында бірнеше халықаралық әншілер байқауларының жүлдегерлері - Н.Үсенбаева, С.Байсұлтанов, Б.Сқақов, К.Мыржықбаев, Ұ.Кенжебеков, Б.Жұбаева, М.Мұхамедқызы, Қ.Жолдыбаев, Ж.Баспақова сынды т.б. да жүйріктер бар.

- 1996-2001 жылдары театр ғимаратында жүргізілген жөндеу жұмыстарының шығармашылық жұмысқа әсері болды ма?

Көшпелі кезеңнің жұмысына сай Алматы театры өзінің шығармашылық жоспарларын қайта қарады. Күрделі декорациялық құрылымдары бар опералар мен балет туындыларын көрсетуге толық мүмкіндік болмағандықтан көші-қонға жеңіл спектакльдерді орындаудың жаңа түрі - концерттік орындаудағы қойылымдар кештерін өткізуді қолға алды. Театр ұжымы тұрақты сахнасының болмауына қарамастан жаңа опералардың тұсауын кесіп, оларды түпнұсқа бойынша орындауды қолға алды. Осының нәтижесінде көшпелі өмір кеше жүріп әр түрлі сахналарда өнер көрсеткен труппаның репертуарында жаңа туындылар пайда болды. Ж.Бизенің «Маржан терушілер» (09.03.1997), Г.Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» (23.01.1998), Дж.Пуччинидің «Турандот» (30.04.1999), Ж.Бизенің "Кармен" (1999) және Д.Беллинидің «Норма» (2000) опералары итальян және француз тілдерінде дайындалды. Бұл концерттік спектакльдің көрерменге жақсы әсер қалдыруының бір ұшы орындаушылық құрамның жоғары деңгейі десек, екіншіден, музыкалық шығарманың басқа компоненттері; хор мен оркестрдің рөлдерінің жоғары деңгейі де ерекше мәнге ие болды. Хормейстер Ш.Рахымжанова, дирижер Н.Жарасов оркестрмен сүйемелдеуде, жекеленген оркестрлік бөліктерді орындауда композитордың өзіндік қолтаңбасын, дәуірдің стильдік ерекшеліктерін ескере отырып биіктен көріне білді.

- 2004 жылы 24 қазанда ұлттық опера репертуары Е.Рахмадиевтің «Абылай хан» атты жаңа шығармасымен толықты. Мамандар бұл қазақ опера тарихының жаңа бетін ашты деп баға берді. Бұл туралы қандай ой-пікіріңіз бар?

Шығарма желісі халқымыздың жоңғарлармен болған шешуші шайқасынан басталатын, бір тудың астына бірігіп біртұтас мемлекет болуының тарихи қалыптасу кезеңдері кіретін бірнеше ожылдықтар аралығын қамтиды. Дәл сондай оқиғалар легі араға бірнеше ғасырлар салып 1991 жылы Қазақстан Республикасы өзінің егемендігін жариялаған кезде, тарихи дамудың жаңа кезеңінде қайталанып келді. Жас мемлекетті құрудың қиындықтары, ішкі-сыртқы кедергілерді жөнге келтіру тәуелсіз еліміздің шекарасын бекіту, алыс-жақында орналасқан алпауыт мемлекеттермен халықаралық саяси аренада көп векторлы қарым-қатынастар орнату өзіміз куә болған тарихтың жарқын беттері. Қауырт оқиғалар легі, қоғамдық-саяси аренадағы жеңістеріміз бен жетістіктеріміз, заманында Абылай ханның ұстанған көреген саясатының ізімен болуы, егемендік алғаннан кейінгі жас мемлекетіміздің бағытының дұрыстығын көрсетті.

Қоюшы-режиссер Ю.Александров спектаклді сахналауда өзінің кәсіби шеберлігі мен тәжірибесін жан-жақты көрсете алды. Автордың негізгі ой-идеяларын түсініп, оны сахналауда спектаклдің ішкі мазмұны мен сыртқы формасын жасауда басты іс-әрекет көзін композитор шығармасының ішінен, ол айтқысы келген ой-идеясынан алуға тырысқан. Режиссер қойылымның басты идеясы етіп жаугершілік заманда қазақ халқының басын біріктіріп ел болуды армандаған ірі саяси тұлға Абылайдың образын бар қырынан көрсете отырып, қалған оқиғалар мен кейіпкерлер әрекетін осы тұлғаның төңірегіне топтастырып бере алды.

Әбілмансұр - Т.Күзембаев спектакль барысында бірде өжет те өткірлігімен қызуқанды, енді бірде ойлы, алыстан байлам жасайтын тіс қаққан ел мен жердің қамын ойлаған жан ретінде көрінеді. Басқа партияларда, қиын-қыстау кезде елі мен халқына рухани ақылшы болып жол сілтеген Бұқар-жырау-Ш.Әбілов, халықтың ар-ұяты мен шынайы келбетінің жинақталған бейнесі Диуана-Б.Бөкенов, мақтан сүйгіш, даңғойлығымен қазақтың басына әңгір таяқ ойнататын қалмақтың батыры Шарыш-Б.Сқақов, ойлаған ісінің аяғына дейін жеткізу үшін ештеңеден тайынбайтын Топыш-Д.Дүтмағанбетова, сахнаға қалықтаған құстай баяу самғап шығатын Күлпәш-Б.Жұбаева, жас та болса бойындағы күш-қайратынан жалыны оттай шарпитын Әмір Сана-Ж.Тапин ерекше есте қалды. Жыл қорытындысы бойынша ҚР Мемлекеттік Комиссия отырысының шешімімен Е.Рахмадиевтің «Абылай хан» операсы жоғары бағаланып бір топ қоюшы-орындаушылар құрамы: Ю.Александров, В.Окунев, Т.Күзембаев, Ш.Әбілов және бас хормейстер Б.Жаманбаев ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегерлері атанды.

Осы қоюшы құраммен Г.Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур», Дж.Пуччинидің «Турандот» т.б. операларының тұсауы кесілді. Өзге театрлар сахналарында сирек көрінетін әлемдік деңгейдегі опера сахнасының інжу-маржаны болған екі опера да Алматы театрының репертуарының көркін келтірген қойылымдарға айналды. Сонымен бірге өзіміздің төл ұлттық режиссеріміз Ләйлім Иманғазинаның соңғы жылдардағы жақсы жұмыстарымен көрініп жүргендігін баса айту керек. Оның сахнаға шығарған А.Серкебаевтың «Томирис», Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны», Дж.Вердидің «Бал маскарад» т.б. спектакльдері де орталықтан келген танымал режиссердің қойылымдарынан артық болмаса кем емес. Қазақ сахнасындағы ұлттық мамандардың шығармашылық жұмыстарын көру соңғы жылдардағы жағымды жаңалықтардың бірі.

- Опера өнерінің даму үдерісіне көңіліңіз тола ма?

Театрларымыздың материалдық хал-ахуалы қазір аймақтағы республикалар өзге театрларымен салыстыра қарағанда озық тұр. Кезінде әбден тұралап қалған шығармашылық ұжымдар бүгінде өзінің қисайған көшін түзеп алды. Өзіндік тарихы бар, қалыптасқан дәстүрімен ерекшеленетін театрда бұрынғы жүріп өткен аға буын орындаушы өнерпаздардың салып кеткен жолын, шығармашылық дәстүрін жалғастыра отырып оны жетілдіру, жаңа уақыт сұранысына сай байытып, айналым шеңберін кеңейту талабы байқалады. Дүние жүзінің мықты театр труппалары ғана қоюға батылы баратын күрделі шығармаларды соңғы жылдары Алматы театрының репертуарынан көру, бұл ұжымның орындаушылық деңгейінің жоғары екендігін және бір мәрте дәлелдей түсті.

Бірақ, театрдың бүгінгі таңдағы шығармашылық хал-ахуалы оны басқарушы әкімшіліктегі жіберілген кейбір олқылықтан туындаған өнер ұжымындағы соңғы кезде болған түсініспеушіліктер еліміздің бас театрының беделіне нұқсан келтірерлік жәйт деп білемін. Осындай фактілер болған екен демек, бұл салада тоқырау, шешімін таппаған өзекті мәселелер бар. Жоғары жақ оң-терісін өздері ажырата жатар. Менің ойымша республикадағы театрларымызды әкімшілік жағынан басқару, көркем шығармашылық ісінде, репертуарлық ұстанған саясатындағы қиыспай жатқан шаруашылықты жөндеу үшін жақсылап ойланатын кез келді. Бұл салада республика театрлар картасы бойынша елеулі өзгерістер енгізу қажет. Ол алда болатын бөлек, үлкен әңгіме тақырыбы.

Ойымызды қорыта кетсек Қазақтың Мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театрының алған бағыт-бағдары, көздеген межесі биіктен көрінеді. Тәуелсіздіктің арқасында репертуарда елдігіміз бен ұлттық болмысымызды айшықтап көрсетер шығармаларды сахнаға әкелуде оңды бетбұрыстар бар. Еліміз аман, заманымыз тыныш болса республикадағы музыкалық театрлардың қара шаңырағы - Академиялық опера театры бояуы қанық, алуан бағытта құлпыра дамитынына сеніміміз кәміл.

- Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар