Елдің ішкі жалпы өнімі 4,2 процентке өскен

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің хабарлауынша, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында елдің ішкі жалпы өнімі 4,2 процентке өскен. Ел экономикасының ахуалы биржалық тауарларға бағаның тұрақтануы, Қазақстанның негізгі сауда серіктестері елдерінде экономикалық белсенділіктің артуы, сонымен қатар әлемдік экономиканың өсуі тұрғысынан артып отыр. Ағымдағы жылғы маусымда мұнай бағасы барреліне 46,9 долларға дейін құлдырауына қарамастан, өзінің тұрақтылығын сақтады. Ағымдағы жылғы алты айдың қорытындысы бойынша, ол барреліне 52,2 доллар деңгейінде қалыптасты, бұл өткен жылғы ұқсас деңгеймен салыстырғанда үштен бір есе жоғары. Атап өтерлігі, барлық негізгі металдарға бағаның өсуі байқалады.
Ұлттық экономика министрі жалпы алғанда, сыртқы факторлардың Қазақстан экономикасына жағымды әсерін және экономикамыздың ішкі даму параметрлерінің бірте-бірте тұрақтануын атап өтті. Есепті кезеңде өнеркәсіпте 7,8%-ке, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісінде 3,1%-ке өсім байқалған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5,9%-ке артып, тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 11%-ке ұлғайды. Өндірістік сектормен қатар, қызмет көрсету саласы мен бөлшек саудада да өсім бой көрсетті.
Еліміздің қаржы нарығында тұрақты жағдай сақталып отырғандығына тоқталған министр, елдің халықаралық қоры ағымдағы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, 1,9%-ке артып, 92,4 млрд. АҚШ долларын құрағанын жеткізді. Ол сондай-ақ, жыл басынан бері теңгенің нығаю әсерінің жойылуы аясында инфляцияның баяулағанын айтты. Мәселен, биылғы маусымда жылдық инфляция 9,8 проценттік тармаққа 7,5%-ке дейін төмендеген. Орташа айлық жалақы номиналды мәнде 1,9%-ке, яғни, 140,8 мың теңгеге дейін өскен. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталды. «Бірінші жартыжылдықта сыртқы және ішкі даму ахуалының жақсаруы жағдайында Қазақстан экономикасы өзінің өсуін жалғастырды. Енді осы өнеркәсіп өндірісінің қол жеткен қарқынын ұстап тұру үшін екінші жартыжылдықта салалар бірінші жартыжылдыққа қарағанда неғұрлым жоғары серпінде өсуі керек», деді Т.Сүлейменов.
Осы ретте министр соңғы 5 жылда ІЖӨ-нің 60 проценті екінші жартыжылдықта экономика белсенділігінің артуы есебінен қалыптасқанын айтты. Мәселен, 2016 жылы ІЖӨ-нің 1,0 процентке өсуі кезінде бірінші жартыжылдықта өсу 0,1 процентті құраған, ал екінші жартыжылдықта экономиканың өсуі 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 процентке дейін жеделдеген. Сондықтан ағымдағы жылдың басынан экономика серпінін сақтау үшін маусымдық факторларды есепке ала отырып, ішкі жалпы өнімнің өсуі 3-тоқсанда 4,1 проценттен, 4-тоқсанда 4,3 проценттен төмен болмауы тиіс. Осыған байланысты, ұлттық экономика министрі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің негізгі міндеті өндірістің қол жеткізген өсу қарқынын сақтау, инфляция деңгейінің нысаналы параметрлерін қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру және елдегі әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуы үшін тығыз және үйлестірілген жұмыстарды жүргізу болып табылатынын атап айтты.
Жиында бірінші жартыжылдықтағы қаржы саласындағы жағдай туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары О.Смоляков, ал республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыс және кіріс бөліктері туралы, ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру үшін банк секторын сауықтыру шаралары туралы қаржы министрінің орынбасары Б.Шолпанқұлов баяндады. Қаржы министрі орынбасарының айтуынша, мемлекеттік бюджеттің кірістері трансферттерді есептемегенде 3 407,2 млрд. теңгені немесе жоспар бойынша 106,8% құрады. Республикалық бюджет бойынша кірістердің орындалуы 103,8%, жергілікті бюджет бойынша 114,3% құрады.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев еліміздің биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қарау қорытындысын шығара отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдарға Мемлекет басшысының экономика өсімін одан әрі қамтамасыз ету үшін берген тапсырмаларын шешу бойынша жүйелі шараларды жалғастыруды тапсырды.