Елдің бірнеше өңірінде қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады

АСТАНА. KAZINRORM — Түнгі және таңертеңгі уақытта Ақмола, Абай, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында қар аралас жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде көктайғақ болады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметі синоптиктердің болжамына сүйеніп хабарлады.

қыс қар
Фото: Руслан Мұхамедияров/Kazinform

Ұлттық компания жүргізушілерге жолда мұқият болып, жылдамдықты асырмауға және көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтауға кеңес берді. Сонымен бірге сапар бағытын алдын ала жоспарлап, аса қажеттілік болмаса, жолға шықпаған жөн.

Жол қызметі көлік дөңгелектерінің жай-күйіне де назар аударуға үндеді. Жазғы шиналармен көктайғақта жүру көлікті басқаруды қиындатып, жол-көлік оқиғасының қаупін арттырады.

— Жол қызметі тәулік бойы жұмыс істейді, сондай-ақ жолдардың жай-күйі мен ауа райы туралы өзекті ақпаратты 1403 байланыс орталығынан біле аласыз, — делінген хабарламада.

Еске салайық, мұның алдында 22 қазанда Қазақстанның қандай жолдарында шектеу бар екенін жазғанбыз.