Елдің ұйымшылдығы су тасқыны кезінде айқын көрінді – Дулат Мақатов

Дулат Мақатов
Фото: Кейіпкерден

ОРАЛ. KAZINFORM – 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Осыған орай халқымыздың ұйымшылдығын арттырып, елімізде тұрып жатқан сан ұлт өкілдерінің ынтымақ-бірлігін одан әрі нығайту бағытында “Ассамблея жастары” РҚБ БҚО өкілдігінің төрағасы  Дулат Мақатов Kazinform тілшісімен өз ой-толғамымен бөлісті.

- Дулат Нұрланұлы, елімізде ұлтаралық тыныштықты сақтау аса маңызды. Осыған Ассамблея жастары қалай үлес қосып жатыр?

- Иә, Қазақстанда жүзден астам ұлт өкілдерінің тату-тәтті тұрып жатқаны жасырын емес. Олар мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының төңірегіне топтаса отырып, еліміздің одан әрі дамуына өз үлестерін қосып келеді. Бұдан, әрине, Ассамблея жастары тысқары қалмақ емес. 

Қазақ халқы өз тарихында талайға пана болып келді. Қазақстанға жер аударылған кәріс, неміс, шешен, әзербайжан секілді талай ұлт өкілдеріне қазақтың бауырынан орын табылды. Міне, еліміздегі ұлттар бірлігі қандай сындарлы сәтте болсын сыр бермей, салтанат құруы тиіс. Соны әрі қарай жалғастыру – біздің абыройлы парызымыз.

Халқымыздың ұйымшылдығы кейде ел басына қиын күн туған қысылтаяң кезде айқын көрінеді. Соның жарқын мысалын биылғы су тасқыны кезеңінен келтіруге болады. 

Орал қаласы мен аудандарда су басу қаупі сезіліп, эвакуация басталысымен Қазақстан халқы Ассамблеясының Батыс Қазақстан облысындағы хатшылығы, ассамблея жастары шұғыл жиналып, Достық үйінде гуманитарлық жүк қабылдау пунктін аштық. Санаулы күнде пунктке 250 млн теңгенің гуманитарлық жүгі жиналды. 

- Содан тасқын судың зардабы тиген аудандарға аттандыңыздар ғой?

- Алдымен Сырым ауданына жол тарттық. 2 млн теңгенің азық-түлігін тиеген екі жүк көлігі аудан орталығы Жымпиты ауылына кіріп келгенде, алдымыздан көңілсіз көріністің қарсы алғаны рас. Су қайтқан, бірақ үйлерді бүлдіріп кетіпті. Суға езілген, сөгілген, қираған қабырғалар бір күн бұрын ғана шаттық ордасы болып тұрды дегенді ойласаң жүрек ауырады. 

Азық-түлікті Өлеңті ауылы тұрғындарына аяқтай жүріп тараттық. Бірқатар жүк «Сырым жастары» жастар орталығында орналасқан гумштабқа тапсырылды. Сырым ауданындағы ескі қонақүй үйінен айырылған тұрғындарға эвакуациялық пункт ретінде ұсынылған екен. Уақытша жайдың өзі жайлы болуы тиіс. Жергілікті билік бөлмелерде тұрып жатқан халық үшін ортақ асүй, әжетхана, жуынатын орын дайындамақ ниетте екен. Қазақстан халқы Ассамблеясы тартынбай, бұл іске де үлес қосып, Оралдан Жымпитыға құрылыс материалдарын жіберді. 

Әрі қарай тасқын судың залалы тиген Қаратөбе, Теректі, Бөрлі, Бәйтерек аудандарына, қала халқы мен саяжай тұрғындарына жәрдем жеткізілді.

- Облыс жұртшылығы, соның ішінде жастар Жайық өзені бойында орналасқан Орал қаласы мен елді мекендер тұсында бөгеттер тұрғызуға да жұмылды емес пе?

- Несін айтасыз, биылғы Жайық өзенінің тасу екпіні орасан қатты, бәрін жайпап өтетіндей болды ғой. Әсіресе, Ресейдің көршілес Орск, Орынбор қаласының едәуір бөлігі су астында қалды. Соған байланысты Оралға қоса Жайықтың бойында орналасқан төрт ауданның 84 елді мекенін аман алып қалу үшін тез арада бөгеттер салу міндеті тұрды. Бұған еліміздің түкпір-түкпірінен төтенше жағдайлар саласы қызметкерлері, әскерилер, жергілікті халық жұмылдырылды. Ерлікке татитын ерікті қызметке атсалысқандар аз болған жоқ. Қалың қазақпен бірге Ақ Жайық өңірінде Ассамблея өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, жалпы айтқанда, «жүзі басқа, жүрегі бар, түрі басқа, тілегі бір» жандардың тасқынға бірліктің арқасында бөгет қойғанын айтпай кетсек, әділетсіздік болады. 

- Мемлекеттік тілді меңгерудің өзге ұлт өкілдері үшін артықшылығы неде деп ойлайсыз?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу" атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде су тасқыны кезінде бір кісідей жұмылған барша отандасымызға алғысын айта отырып, жастардың идеологиялық тәрбиесін айрықша назарда ұстау қажеттігін атап көрсетті. Сонымен қатар қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімді екендігін жеткізді. Осыған орай мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсетілетін болады. Меніңше, бұл өте дұрыс бағыт. Қазақ тілін жақсы білсе, ол адамның таным көкжиегі кеңейіп, мемлекет құраушы ұлттың қадір-қасиетін, ата дәстүрін толық сезіне түсетін болады. Бірлікке, бақ-берекеге бастар жолдың бірі осы дер едім.

- Соңғы сауал, биылғы 1 мамыр мерекесі несімен ерекшеленбекші?

- Ассамблея хатшылығы 1 мамырға ауқымды шара жоспарлап жатқан жоқ. Себебі, ел тасқыннан әрең ес жиып жатыр. Қазақ халқы үшін және кең байтақ мекенімізді мекендеген барлық ұлт өкілдері үшін тек 1 мамыр емес, барлық күн бірлік күні бола бергей!

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мал шығыны бойынша өтемақы қалай беріліп жатырғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар