Электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді – Сәтқалиев

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

Алмасадам Сәтқалиев
Фото: primeminister.kz/

«Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау, ел экономикасы мен халқын сенімді энергиямен жабдықтау қажеттігін, сондай-ақ электр энергиясын тұтынудың жыл сайынғы өсуін ескере отырып, жаңа энергия қуаттарын енгізу және қолданыстағы электр станцияларын жаңғыртуды жүзеге асыру талап етіледі. Бекітілген қуат теңгеріміне сәйкес 2030 жылға қарай резервтің қажетті деңгейі 17 пайыз болғанда электр қуатының қажеттілігі 28,2 ГВт-ты құрайды. Бұл ретте жаңа қуаттарды ескере отырып, қолда бар қуат – 22 ГВт. Біртұтас электр энергетикалық жүйедегі электр қуаты тапшылығының көлемі 6 ГВт-тан асады, оның ішінде шамамен 4 ГВт – жаңа қуаттар», - деді министр.

Оның атап өтуінше, Орталық Азия елдеріндегі теңгерімді талдау 2030 жылға қарай 2,7 ГВт көлемінде электр қуаты тапшылығын көрсетіп отыр. Энергетика министрлігі осы тапшылықты жабу және экспорттық әлеуетті ұлғайту үшін Электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі.

«Мұнда қосымша шамамен 26 ГВт жаңа қуаттарды енгізу қарастырылады. Бұл жоспар бұрын Президент жанындағы Энергетикалық кеңес отырысына шығарылған. Кейін, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып пысықталды», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар