Электр энергетикасы саласында отандық тауар өндірушілердің үлесі неге аз
АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр электр энергетикасы объектілерін жабдықпен қамтудағы отандық өндірушілердің үлесі 13 пайыздан аспаған. Толығырақ Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс айтып берді.

- Биыл 11 айда отандық тауар өндірушілермен жасалған ұзақ мерзімді шарттардың сомасы 34% - ға өсіп, 372 млрд теңгеге жетті. Алайда, электр энергетикасындағы қазақстандық тауар өндірушілердің қамту үлесі қуантарлық емес. Өткен жылдың қорытындысы бойынша электр энергетикасы объектілеріне жабдық сатып алудағы отандық өндірушілердің қнімі 13%-дан аспады. Осыған байланысты біздің министрлік барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, субъектілер мен өндірушілердің қатысуымен акселерациялық топ ұйымдастырды, - деді Бақытжан Ілияс.
Вице-министрдің айтуынша, қазір отандық электр энергетикасы тауарларын өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары пысықталып жатыр.
Айта кетейік, бүгін елордада Энергетика министрлігінің қолдауымен Қазақстан электр машина жасаушылар қауымдастығының ұйытқы болуымен «Электр энергетика саласындағы отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел өтіп жатыр. Іс-шараға Энергетика вице-министрі, Мәжіліс депутаттары, сала мамандары мен отандық электр энергетикасы тауар өндірушілер қатысып жатыр.
Осыған дейін Энергетика вице-министрі электр стансалары мен электр желілерінің 70% жаңғырту қажет екенін айтқан болатын.