Электр энергиясын өндіреді: Абай облысында оқушы гидроэлектростанция жасап шықты
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысы Бесқарағай ауданында 9-сынып оқушысы Дидар Баталов көпқабатты үйлердің су құбырындағы ағын арқылы электр энергиясын өндіруге арналған шағын гидроэлектростанция жасап шықты.

Жобаға жетекшілік еткен мұғалім — Мейрамғали Жексенаев. 12 сәуір — Ғылым күніне орай Kazinform тілшісі ұстазын әңгімеге тартып, шәкіртінің талабы мен алға қойған жоспарлары туралы сұрап көрді.
— Көпқабатты үйлердің су құбырындағы ағын арқылы электр энергиясын өндіруге арналған шағын гидроэлектростанция әзірлеу идеясы қалай келді?
— Шағын гидроэлектростанцияны әзірлеу идеясы бір күнде келе салған жоқ. Сабақ үстінде оқушыларға су мен энергияны үнемдеу, табиғатты қорғау туралы ұдайы айтып келемін. Осыдан 1-2 жыл бұрын теледидардан бір оқушының жаңбыр суын электр энергиясына айналдыру жобасын көріп қалдық. Десе де оның осал тұстары бар. Мәселен, жаңбыр жауғанда ғана төбедегі құбырдан аққан суды пайдалануға болады, құбырлар қоқыспен бітеліп қалса жүйе істен шығады. Іздене келе өзіміз көпқабатты үйлердің су құбырларындағы тұрақты қысымы бар ағынды пайдаланып электр энергиясын тұрақты түрде өндіруге болатына анық көз жеткіздік.
Оқушым Дидар Баталов екеуіміз су есептегіштеріне ұқсас мини-турбиналарды құбырларға орнатуды ойға алдық. Құрылғының қарапайымдылығы оны кез келген су құбырына орнатуға болады. Мұндай шағын гидроэлектростанциялар көпқабатты үйлердің кіреберістері мен баспалдақ алаңдарын жарықтандыруға қажетті электр энергиясын өндіре алады. Пәтерлерге жеке орнатуға да болады.

Құрылғы экологиялық таза әрі тиімді шешім ретінде көмір мен басқа да отын көздеріне тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар энергияны үнемдеуге және қосымша қуат көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Біз ойлап тапқан құрылғының мүмкіндіктері және пайдасы өте зор болмақ. Семейде, жалпы Қазақстан бойынша ірі қалаларда көпқабатты үйлердің құрылысы күннен күнге қарқын алып келеді. Егер осы құрылғыны әрбір салынып жатқан үйге орнататын болса, онда электр энергиясын өндіруге кеткен шығындардың бір бөлігін үнемдеуге болар еді.
— Гидроэлектростанция жобасын әзірлеу барысы қалай болды? Соның егжей-тегжейін айтып берсеңіз.
— Кез келген жоба идеядан басталатыны белгілі. Идея туындаған соң, оны іске асыру жоспары әзірленеді. Бірінші қағазға сұлбасын сызып, одан кейін қандай материалдарды қолдануға болатынын анықтадық. Ол материалдар қолжетімді болуы тиіс. Прототип ретінде қолда бар материалдардан құрастырдық. Ол ПВХ құбыры, тұрақты ток генераторы, жарықдиодты шамдар және тағы басқа материалдар.
— Бұл құрылғыға қызығушылық танытып, іске қосамыз деп жатқандар бар ма?
— Өкінішке қарай бұл құрылғыға қызығушылық танытып, іске қосамыз дегендер әзірше болмады. Біздің құрылғы болашақта баламалы энергетика саласында жаңа қадам болу үшін мемлекет тарапынан қолдау керек.
— Бұған дейін осы секілді қандай жобаларды қолға алып едіңіздер?
— Иә. Баламалы энергетиканы дамыту үшін экологиялық, экономикалық мәселелерді шешу жолында әр түрлі жобалармен республикалық байқауларға қатысып, жеңімпаз атандық. Мысалы, 2009 жылы Астана қаласында «Тұрақты даму үшін экологиялық білім беру бойынша балалар бизнес жобасы» атты республикалық байқауда І орын алдық, 2014 жылы елордадағы осы жобаның ІХ байқауында тағы да жеңіс тұғырынан көріндік.
— Шәкіртіңіз Дидардың талабы қандай?
— Дидар Баталов 9 сынып оқушысы. Құйма құлақ, еңбекқор. Ол техникалық мамандықтарға қызығады. Бөкебай орман шаруашылығында анасымен тұрады. Марқұм әкесі сияқты орманшы болғысы келеді.

— Ғылым саласына қатысты алдағы жоспарларыңыз қандай?
— Болашақта ғылым саласында басқа да жобалар әзірлеп, баламалы энергетиканың дамуына оң үлес қосқымыз келеді. Қазіргі таңда тағы екі жоба дайындап жатырмыз. Жалпы ғылымсыз ел дамымасы айдан анық. «Оқымасаң тозарсың, оқысаң озарсың» демекші, ғылым тапқан қор болмайды. Тек ғана ғылым саласы дамыған елдердің болашағы жарқын болмақ. Ғылым бізге жаңа технологияларды дамытып, оны қолданысқа еңгізіп, жемісін көру үшін керек. Қазір елімізде жастардың ғылымға деген қызығушылығы артып келеді деп ойлаймын. Бұл жақсы үрдіс.
— Бұл үрдісті ары қарай өрбіте түсіп, жастарды ғылымға көптеп тарту үшін не істеуіміз керек?
— Жастарды ғылымға көптеп тарту үшін ғылым культін қалыптастыруымыз қажет. Менің пікірімше, көптеген идея жай қиял болып қалмас үшін кез келген ойы бар адам ешбір кедергісіз бір орталыққа барып қолдау көруі керек. Мотивация мен қаржыландыру жағы да қарастырылғаны құба-құп. Сонда ғалымдардың бастамалары ескерусіз қалмай, қандай да бір нәтижеге жетуге болады.
— Ғылым күніне орай ғалымдарға айтар тілегіңіз...
— Ғылым күні қарсаңында жас ғалымдарға жаңа белестерді бағындырып, алға қойған мақсаттарын іске асыра берсін деп тілеймін. Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлестері зор болсын.
Еске салсақ, осыған дейін Президенттің Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездесіп, кәсіби мерекемен құттықтағаны жайлы жазғанбыз.