Электр қуатының жоқтығынан Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Электр қуатының жоқтығынан Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Видеодан алынған кадр/instagram.com/atyrauoil.official

Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағында қара түтін будақтап жатыр. Түтіннің будақтағанына 2 сағаттан асты.

Зауыттың қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, электр желісіндегі ақаудың салдарынан қондырғылардың жұмысы апаттық жағдайда тоқтатылған.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты бүгін, 3 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 17:25-те жұмысын тоқтатты. Бұған «KEGOC» АҚ тарапынан электр энергиясының өшірілуі себеп болды. Технологиялық регламентке сәйкес апатты жағдайдың алдын алу мақсатында электр энергиясының сыртқы желілерін толық қалпына келтіргенге дейін зауыттың отын желісі факелге жіберілді. Ақауларды жою нәтижесі туралы қосымша хабарланады», - деп мәлім етті зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының мұржасынан қара түтін будақтап жатқанын хабарлаған едік.

Биылғы сәуірде де Атырау мұнай зауытының мұржасында жарты сағатқа жуық от алаулағанын жазған болатынбыз. «АМӨЗ» ЖШС-нің қоғаммен байланыс бөлімінің ақпараты бойынша, 27 сәуірде жергілікті уақытпен сағат 16:08-де каталитикалық крекинг қондырғысында технологиялық режим бұзылған.

Кейін Атырау мұнай өңдеу зауытының мұржасында тағы да газ алауы жанған еді. 8 мамырда параксилол өндіретін Paramax (PX) технологиялық қондырғысын іске қосу шарасы жүргізілген. Алайда, сағат 19:18-де алдын ала фракцияға бөлу бағанын ыстық циркуляцияға шығару кезінде қысым клапанының жұмысынан ақау шыққан.


Соңғы жаңалықтар