Электрондық сауда алаңында заңсыз сауда жасағандарға жауапкершілік енгізілмек
АСТАНА. KAZINFORM – Электрондық сауда алаңында заңсыз сауда жасағандарға әкімшілік жауапкершілік енгізілмек. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жауабында айтылған.

— Қазіргі уақытта Сауда және интеграция министрлігі электрондық сауда саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс істеп жатыр. Осылайша, Мәжіліс депутаттары «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға электрондық сауда субъектілерінің ұғымдық аппаратын нақтылау бөлігінде (электрондық сауда алаңы (маркетплейс), интернет-дүкен, ақпараттық-жарнамалық платформа), сондай-ақ электрондық сауда алаңдары үшін бірқатар міндеттемені енгізу жөнінде түзетулерге бастама жасады, — деді Серік Жұманғарин жауабында.
Оның атап өтуінше, сауда алаңдары үшін мынадай міндеттемелер енгізілмек:
— сатушылардың электрондық сауда алаңына рұқсат алуы үшін ішкі ережелердің (тіркеу, аутентификациялау және басқа да рәсімдер) болуын міндеттеу;
— электрондық сауда алаңы мен сатушы арасындағы шартта сатушылардың тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама талаптарын сақтауына қатысты шарттардың (тауарға (жұмысқа, қызметке) және сатушыға (өндірушіге, орындаушыға) қатысты ақпарат ұсыну және т. б.) көзделуі;
— тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін сатушыларға қатысты электрондық сауда алаңы тарапынан санкциялар;
— тұтынушының тауарға сәйкестік сертификаттарына қол жеткізуі және өзге де шаралар.
— Тұтынушылар мен құқық иелерінің заңды мүдделерін сақтау мақсатында Мәжіліс депутаттары заң жобасы аясында электрондық сауда субъектілері тарапынан сатушы мен тауар туралы ақпараттың болмауы, сондай-ақ заңсыз сауда фактілері бойынша әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесін пысықтауда, — деді вице-премьер.
Айта кетейік, Астана халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын айтқан еді.