Электрондық вейп сатқан БҚО тұрғынына үкім кесілді
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қалалық сотында электрондық вейп сатумен және таратумен айналысқан тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралып, үкім шықты.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, сотталушы көп шығын мен күш жұмсамай-ақ темекі өнімдерін, электронды тұтыну жүйелерін (вейптар), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды сату арқылы пайда табуға болатынын білген.
Биылғы маусым айында аталған тұрғын шие хош иісі бар «WAKA 20000» маркалы бір электронды темекіні 15 мың теңгеге сатқан. Ақшасын «Kaspi.kz» мобильді қосымшасы арқылы алған. Сатып алушы бұл туралы полицияға хабарлаған.
— Сотталушының тұрғылықты мекенжайынан 44 дана вейп тәркіленді. Сот отырысында ол өз кінәсін мойындады. Бірінші сатыдағы сот дәлелдемелерді зерттеп, бағалағаннан кейін вейп сатушыны кінәлі деп танып, оған 20 АЕК көлемінде 78 640 теңге айыппұл салынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол құрылысы талаптарын бұзған компанияға 2,5 млн астам теңге айыппұл салынғанын жазған едік.