Электронды оқытудың «e-learning» жүйесі бойынша мектептерден шағым түсіп жатыр - А. Сәрінжіпов

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Электронды оқытудың «e-learning» жүйесі барлық мектептерде тиісті деңгейде жұмыс істеген жағдайда ғана қаржыны аударамыз. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.

Электронды оқытудың «e-learning» жүйесі бойынша мектептерден шағым түсіп жатыр - А. Сәрінжіпов

«e-learning» бағдарламасы бойынша «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, бұл проблеманы жою мәселесін төтесінен қойдық. Осы бағдарламаға 2011 жылы 1,5 миллиард теңге бөлініп, 44 мектепке бұл жүйе орнатылды. 2012 жылы 12 миллиард теңге бағытталып, 500-ден астам мектептерде осы жүйе іске қосылды. Бірақ, аталған 500 мектептің ішінде 50-ден астам оқу орнында жүйе жөні түзеу жұмыс істемей отыр. 2013 жылы 15 миллиард теңге жоспарда болған (578 мектепті қамту)»,-деді министр.

Осы орайда А. Сәрінжіпов бұл жүйенің дұрыс істемеуіне байланысты мектептерден көп шағымдар түсіп жатқандығын жеткізді.

Оның сөзіне қарағанда, биылғы жылға негізделген 578 мектепте электронды оқытудың бағдарламасы тиісті деңгейде жұмыс істеген жағдайда, сондай-ақ мұғалімдер мен оқушылар осы жүйені толық пайдаланса, ведомство қажетті қаржыны аударуға дайын.

«Проблемалар туындаған мектептердің тізімі бізде бар. Сондықтан бұл мектептерде жүйе толық іске қосылған жағдайда ғана қаржыны аударамыз. Бұл жүйе «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ немесе ҚР Білім және ғылым министрлігі үшін емес, жалпы электронды оқыту балалар үшін жасалған. Сондықтан жүйе балалардың біліміне жарап жатса, қаржы бөлеміз. Яғни, осындай саяси шешім бар»,-деп түйді министр.