«Электронды үкіметті» - іске қосатын мезгіл жетті» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Ынтымақтастық форумының келісімдерін жүзеге асыру жайы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлесуі кезінде қарастырылды», деп жазады «Егемен Қазақстан» сәрсенбі үні жарық көрген нөмірінде. Әңгімелесу барысында Өскеменде өткен Қазақстан мен Ресейдің VІІ Өңіраралық ынтымақтастық форумының барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру туралы, атап айтқанда, екі елдің жоғары технология, ғылым мен білім, транзит-көлік әлеуеті салаларындағы өзара іс-қимылын кеңейту мәселелері жөнінде сөз болды. Мемлекет басшылары сондай-ақ алдағы уақытта Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитінің мәселелерін талқылаған.
«Кедейшілік негізі - жұмыссыздықта». «Егемен Қазақстан» газетінде осы тақырыппен басылған мақала Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастаған қазақстандық делегация қатысып жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 65-ші сессиясына арналған. Басылымның хабарлауынша, Қ.Саудабаев БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының аясында дүйсенбі және сейсенбі күндері сессияға келген бірқатар шетелдік жауапты тұлғалармен екіжақты кездесулер өткізген. «Мемлекеттік хатшының әріптесі, Қытай Сыртқы істер министрі Ян Цзечимен болған кездесуінде екі елдің ынтымақтастығын әрі қарай тереңдету мәселелері талқыланды. Қытай дипломаты қазақтың "Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала" деген мақалын келтіре отырып, Қазақстан - Қытай газ құбыры құрылысының екінші кезеңі басталғанын, бұл екі елдің стратегиялық әріптестігінің нақты көрінісі екендігін атап өтті. Тараптар сондай-ақ Қырғызстанға көмек беру жөнінде де пікір алмасты. Бұл елге ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер де көмек қолын созатын болады», деп жазады басылым.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлауға дайындық пен оны өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің отырысын өткізді. Бейнеселекторлық кеңес түрінде өткізілген отырыс жұмысына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Президент Әкімшілігінің, орталық және жергілікті билік өкілдерінің басшылығы, сонымен қатар мемлекеттік емес ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері қатысқан. Ұйымдастыру комитетінің мүшелері Астана қаласы мен еліміздің аймақтарында Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлаудың ҮЕҰ, жастар ұйымдары, партиялар, ғылыми және шығармашылық өкілдері тарапынан дайындалған тұжырымдаманы талқыға салды. Сонымен қатар, республика Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлаудың жалпыұлттық жоспары жобасын дайындау мәселелері бойынша пікір алмасты.
***
«Қызылжарлық өнер адамдары кәсіпкерлермен соттасып, миллионер атануды сәнге айналдырғанға ұқсайды. Осы жазда ғана ақын Марал Оспанова екі шумақ өлеңін макаронның сыртына рұқсатсыз басқан кәсіпкерден бір миллион теңге алған болатын. Енді суретші Валерий Крестников авторлық құқығын қорғау үшін сотқа шағым түсірді», деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Суретші мен макароншы Абылайханға таласып жатыр» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, қылқалам шебері тұшпара шығарумен айналысатын кәсіпкерді «Абылайдың жастық шағы» атты туындысын өнім сыртына заңсыз басқан деп айыптап отыр. Суретшінің сұрап отырған өтемақысы да осал емес. Ол қазақтың ханы Абылайдың суретін 300 миллион теңгеге бағалады.
Адамзаттың игілігіне қызмет ететін дүниелер кейде халықтың сорына айналып жатады. Мәселен, ғаламторды бүгінде біреулер ақпарат алудың құралы ретінде пайдаланатын болса, енді біреулер оны жеке мүддесі мен қитұрқы мақсаты үшін қолданады. Бір өкінерлігі, соңғы уақытта ғаламторды пайдалану арқылы бәзбір адамдар қазақтың арасына іріткі салумен айналысып жүрген секілді. Бұл турасында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген «KZ те руға бөлінетін болды» деген тақырыптағы мақалада егжей-тегжейлі жазылған. «Соңғы уақытта кейбір сайттарда бір руды жамандау, бір руды кемсіту бағытындағы мақалалар, пікірлер қаптап кетті. Мұнымыз сор ма, қорлық па - оны ойлап жатпаймыз. Мәселен, қазір ғаламторда тіпті әр рудың жеке блогы бар. Онда сол рудың адамдары ғана жазуға хақылы. Мұндай блогтарды ашып қарасаңыз, өз руын мақтау, өз руын басқалардан жоғары қойып, басқа руларды кемсіту бағытындағы пікірлер қаптап тұрады. «Біздің руымыз мықты» немесе «осындай ру адамдары, бірігіңдер» деген сияқты сөздерді жиі ұшыратуға болады», делінген мақалада.
***
«Премьер Кәрім Мәсімов кеше елді елең еткізерлік мәлімдеме жасады. Ол Үкіметті интернетпен басқаруды қалайды. «Маған кейбір әріптестерім келеді ғой, сонда олар қасымда отырып алып, планшеттік компьютер немесе қандай да бір ұялы телефон арқылы өзінің өкіметін басқаруды жалғастыра береді» деп тамсана әңгімеледі Кәрім Қажымқанұлы Министрлер кабинетінің мүшелеріне», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Мәсімов Үкіметті интернетпен басқаруды қалайды» деген тақырыптағы мақаласында. Жарияланым толық нұсқасын оқығыңыз келсе, «Айқын» газетін назарыңыздан жіберіп алмаңыз. Ал осы тақырыпты қаузаған «Егемен Қазақстан» газетінің мақаласы «Электронды үкіметті» іске қосатын мезгіл жетті» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының сәрсенбілік қонағы - Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор Найман Қалабаевпен арадағы сұхбат «Біз қандай да болсын диалогқа дайынбыз» деген тақырыппен берілген. Сұхбат барысында басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым «Қазақстан азаматтарының басқа мемлекеттерде ғылыми жұмыс қорғауына құқы бар. Бірақ оларға сол елдің мемлекеттік аттестациялау органдары берген ғылыми дәрежесі мен атақтары біздің елде қайта аттестациялаудан өтуі тиіс. ТМД-ның барлық елінде де қайта аттестациялаудың осындай тәсілі қолданылады. Олардың ғылыми жұмыстарын не себепті шетелде қорғайтынын өздері айта жатар, бірақ дәл осы шетелде қорғаған ізденушілердің дипломдарын қайта аттестациялаудан өткізу кезінде бірқатар мәселелермен бетпе-бет келіп жатамыз. Міне, соңғы үш жылдағы дерекке сүйенсем, шетелде қорғалған жұмыстардың 27 пайызы Қазақстанның нормативтік талаптарына сай келмейтін болып шыққан» депті.
Түркияда өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақ елінің өкілі Майя Манеза алтыннан алқа тағынып, құрама қоржынына алғашқы жүлдені салды. 63 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын отандасымыз серпе көтеруде 143 келіні бағындырып, әлемдік рекордқа (142 келі) жаңарту енгізді. Жұлқа көтеруде 105 келі салмақты ырқына көндірген жиырма төрт жастағы Манеза осымен екінші рет әлемдік додада топ жарып, Қазақстан әнұранын шырқатты. Спортшымыздың жетістігі жайында «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінен егжей-тегжейлі оқи аласыздар. Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінде де «Мая Манеза - екі дүркін әлем чемпионы» деген тақырыппен мақала жарияланды.
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевты қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Н.Әбіқаев Президентті Комитеттің ағымдағы қызметі мен алдағы кезеңге арналған жұмыстарының басым бағыттары туралы хабардар етті. Кездесу барысында сондай-ақ еліміздің ұлттық қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдіру, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар туралы сөз болды.