Электрондық темекі қарапайым темекіден анағұрлым зиянды әрі қауіпті - пульмонолог-дәрігер
«Электрондық темекі немесе вейп, электрондық тасымалдағыш түрінде мундштук, батарея және қыздырушы бөлшектен, арнайы толтырғыш – сұйықтықтан тұратын атомайзерден құралған. Сұйықтық хош иістендіргіш қосындылардан және никотиннен тұрады. Жеке түрде – каннабиноид құрамына кіретін, тетрагидроканнабинолдан жасалған. Бұл қондырғылар глицерин және пропиленгликоль негізіндегі сұйықтықты қыздырады, содан темекінің түтіні емес, бу пайда болады. Бұл заттар өкпенің ішіне тұнып тұрып, фиброзға әкеледі. Оны неғұрлым көп тартса, соғұрлым тыныс алу жолына кері әсерін тигізеді. Басқаша айтқанда, «өкпе дағы» туындайды»,- деді С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ кафедрасының доценті, Алматы қалалық №36 емхананың пульмонолог-дәрігері Даме Сайланова.
Маманның айтуынша, электрондық темекі қарапайым темекіден анағұрлым зиянды әрі қауіпті. Себебі мұнда никотин буланып, ауыз қуысының шырышты қабатын күйдіреді, бұл онкологиялық ауруларға әкеледі, тыныс алу жүйесін зақымдайды. Бас миы тамырларының атеросклерозына апарады, себебі, оны тартқан кезде никотин қанға өте жылдам енеді. Содан кейін бүйрек безімен адреналин шығып, артериалдық қан қысымы жоғарылап, жүрек ырғағы қысқарады. Бұл жүрекке қатты жүктеме түсіріп, салдарынан жүрек-қантамыр аурушаңдығы дамиды. Адам ұйқысы нашарлап, тез ашуланады және назар аудару қабілеті төмендейді.
Психикалық денсаулық орталығының психологы Елена Манжикованың айтуынша, егер жасөспірімдер электрондық темекіні ерте жастан тұтына бастаса, соғұрлым оларды тәуелділіктен құтқару ауыр болатынын жеткізді.
«Егер жасөспірім электрондық темекіні, мәселен, 13 жаста тарта бастаса және оны бес жылдан аса тартса, кейін оны тастау өте қиын. Мұнда психотерапияны, аккупунтуралық терапияны, тіпті гипнозды қолдануға тура келеді. Ең алдымен, пациенттің өз қалауы болуы керек және баламен бірге оның ата-анасымен жұмыс істейтін нарколог-психиатр дәрігерге уақытында жүгіну қажет. Емдеу барысында ата-аналары өз балаларын қолдап, сол тәуелділіктен арылуына көмектесуі керек. Себебі, бұл жағдайға балаларына дұрыс қарамаған ата-аналар да кінәлі. Балаға сондай-ақ, жүрген ортасы әсер етуі мүмкін», - деді Елена Манжикова.
Дәрігерлер ата-аналарға егер балалары жаман әдетті тастай алмаған жағдайда, Мақатаев көшесі, 10 мекенжайында орналасқан Психикалық денсаулық орталығы жанындағы емханаға баруға шақырды. Мұнда мамандар уақытында және тегін түрде консультативтік, медициналық, психологиялық көмек көрсетеді. Сондай-ақ, дәрігерлер 8 -701-733-33-59 номері бойынша сенім телефонына (тәулік бойы) қоңырау шалуға немесе https://cpzalmaty.kz сілтемесі арқылы Психикалық денсаулық орталығының сайтына жазуға болатынын мәлімдеді.