17:00, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
«Электрондық үкіметтің» маңыздылығын жіті түсінбей отырған мемлекеттік органдар да бар ? Б.Құрманғалиева
АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2006-2008 жылдарға арналған «электрондық үкімет» Мемлекеттік бағдарламасы құжат айналым барысында сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, оның негізгі себепшісі - адами фактордың араласуын анағұрлым азайтатын бірден-бір жол. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрайымы Бикеш Құрманғалиева осы
бағдарламаның қалай жүзеге асып жатқандығы туралы әңгімелейді. - Бикеш Қадырқызы! «Электрондық үкімет» бағдарламасының жүзеге асырыла бастағанына екі жылдан астам уақыт өтті. Нәтиже қандай? - Қазір «электрондық үкімет» Мемлекеттік бағдарламасын дамытудың екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. «Электрондық үкіметтің» бірінші кезеңінен кейін мемлекеттік органдар дайын инфрақұрылым негізінде қызметтер көрсете алатындай базалық құрамдауыштар әзірленді. Оған шлюз, портал, Ұлттық куәландырушы орталық, төлем шлюзы мен мемлекеттік органдардың бірегей транспорттық ортасы жатады.
Екінші кезең нақты қызмет көрсетулерге арналды. 2008 жылы базалық құрамдас бөліктердің түгелі дерлік өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Бүгінде мемлекеттік қызметтер тізімінде тұрған 132 қызметті электронды форматқа ауыстыру қажет. Қазір осы бағытта әрбір мемлекеттік органмен тығыз жұмыстар атқарылып жатыр. Біз қызмет түрлеріне қол жетімділікті қамтамасыз еттік, инфрақұрылымды әзірледік. Ал ол қызметтерді өздерінің ақпараттық жүйелері негізінде мемлекеттік органдардың өздері жүзеге асыруы тиіс. Әрине, ол жүйелер «электрондық үкіметтің» инфрақұрылымына сәйкес келуі үшін барынша жетілдірілген, тиісті операциялық, әсіресе веб сервистерге жауап беруі тиіс. Бұл қызметтерге негізделген арнайы технологиялар бар. Ол - сервиске бағдарланған архитектура. Өкінішке қарай, барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері аталмыш архитектураға негізделмеген. Олардың ақпараттық жүйелері дайындалған бес-он жыл бұрын бұл архитектура жөнінде ешкім білмегені түсінікті. Қазір осы бағытта мемлекеттік органдарды белсендіруге тырысып жатырмыз. Алайда бұл жұмыстар қосымша уақыт пен қаражатты қажет етеді. Бұл бағытта белсенділік танытып, электрондық қызмет көрсетуге аршынды қадамдар жасап отырған Қаржы министрлігі мен Әділет министрлігін атап өтуге болады. Қолға алынған бұл істің маңыздылығын жіті түсінбей отырған мемлекеттік органдар да бар. - Халық мемлекеттік органдардың қызметтерін үйінен шықпай интернет-ресурстар арқылы қолдану мүмкіндігіне қашан жете алады деп болжануда? Және оған қандай факторлар септігін тигізуі тиіс? - Біріншіден, халықтың әл-ауқатының артуына елдің жалпы экономикалық жағдайы септігін тигізуі тиіс. Сонда ғана азаматтар компьютерге, интернетке қол жеткізе алады. Қызметтерді үйден шықпай алу үшін, сондай-ақ электронды сандық қолтаңба болу қажет. Қазір ол тегін, бюджет есебінен ұсынылып отыр. Бірақ уақыт өте келе бұл ақылы қызметке айналуы мүмкін. Өйткені интернет арқылы көрсетілетін қызмет түрлері көбейген сайын оған сұраныс та жоғарылайды. Ақпараттық қоғам компьютерлендіру мен интернетке қосылу деңгейінің жоғарылығымен сипатталады. Қазір компьютерлендіру мен интернетке қосу деңгейі 10-12 пайыз аралығында, 2010 жылға қарай оны 20 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Салыстыру үшін айтып өтейін, Сингапурда бұл көрсеткіш 95 пайыз деңгейінде. Бұл елімізде электронды қызмет түрлерін жаппай қолдануға кедергі болатын бірден-бір себеп. Әрине, бұл мемлекеттік органдардың қызметтерді электрондық түрде көрсетуге дайындығының қарқынымен де байланысты. Оның үстіне, бұған дейін құқықтық-нормативтік база қызметтерді дәстүрлі түрде көрсетуге әзірленген болатын. Яғни меморганға келген азаматтың құжат айналымының басым бөлігі қағаз түрінде жүзеге асырылды. Қазір нормативтік базаны түбегейлі жетілдіру қажет. - Елде ақпараттық теңсіздікті анықтау, компьютерлік сауаттылыққа үйрету іс-шаралары жүргізілгені белгілі. Атқарылған жұмыстың нәтижесі қандай? - Ақпараттық теңсіздікті төмендету мәселесінде нәтижені бірден көру мүмкін емес. Бұл өте баяу және көп кезеңді үрдіс. Бірінші, сауаттылықтың алғашқы кезеңін, кейін келесі деңгейін еңсереміз. Біздің пікірімізше, бұл мақсат орындалып жатыр және нәтиже де жаман емес. Себебі, халықтың аталмыш бағдарламаға қызығушылығы республиканың барлық аумағында бірдей жоғары. Бүгінде 800 мыңға жуық адам компьютердің алдына отыру қорқынышын жеңіп, интернетпен және басқа да бағдарламалармен танысты. Өкінішке қарай, бүгін Ақпараттық теңсіздікті жою мемлекеттік бағдарламасын қаржыландыру тоқтап тұр. Дегенмен, тиісті шешімдер қабылданып, жоба аяғына дейін жеткізіледі деген үміттеміз. Өйткені аталмыш бағдарлама үй жағдайында алғашқы компьютерлік сауаттылыққа үйренуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға айтарлықтай көмек болды. Оның үстіне оқыту мемлекеттік бюджет есебінен тегін жүргізілді. Менің ойымша, бағдарламаны жалғастыру қажет. Себебі халық арасында компьютерлік сауаттылықтың арту үрдісі мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде пайдаланатын азаматтардың санын көбейте түсетіні сөзсіз. Бағдарламаның екінші кезеңін де азаматтарға электрондық қызметтерді қолдануды үйретуге арнаған болатынбыз. - Мемлекеттік электрондық қызмет түрлерін пайдалануға интернетті дамытпай қол жеткізу қиын. Осы бағытта қандай шаралар атқарылып жатыр? - Интернет те қарқынды даму үстінде. Елде провайдерлер мен суб-провайдерлердің саны артып келеді. Атап айтар болсам, «Қазақтелекомда» аймақтарда жұмыс атқаратын суб-провайдерлердің жүйесі іске қосылып жатыр. Сондай-ақ интернетті қолдану тарифі де арзандап келеді. Мемлекеттің тарифті төмендету жөніндегі бұл саясаты халықты интернет-ресурстарды пайдалануға ынталандыру болып табылады. Сондай-ақ біздің мақсатымыз қазақстандық интернет жүйесін дамытуға бағытталып отыр. Яғни, Қазақстан азаматтарының мүдделеріне жауап беретіндей жергілікті жүйені кеңейту. - Қазір заң шығарушы палатада қаралып жатқан интернет кеңістікті реттеу жөніндегі заң жобасы жан-жақты пікірталастар туғызуда. Бұған сіздің пікіріңіз қандай? - Менің ойымша тиісті заңнамасыз бірде-бір істі, оның үстіне мұндай ауқымдағы істі қарауға болмайды. Интернеттің қол жетімділік пен ақпарат тарату тұрғысындағы мүмкіндіктері жоғары. Ал ақпарат жоғары нәтижелі қару секілді, оны бейбіт және деструктивті мақсатта қолдануға болады. Деструктивті салдарға жол бермес үшін тиісті ережелерді енгізу қажет. Мұнда гуманизмге қайшы келетіндей ештеңе жоқ. Өйткені бұл бағытта барлық елдер жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Қытай қазір өз интернет қызметін өте қатаң бақылауда ұстап отыр. - Ғаламтор арқылы ағылып жатқан, ділімізге жат түрлі порнографиялық және өзге де осындай бағыттағы сайттар бүгінде мемлекет тарапынан реттеліп отыр ма? - Мұндай ресурстарды қосатын провайдерлер тарапынан жауапкершілік болу үшін де заңнамалық актілерге толықтырулар енгізілгелі жатыр. Әрине, тыйым салынбаса, ол рұқсат етілген болып есептеледі. Біздің жастарымызға ондай келеңсіз ресурстар негізінде тәрбиеленуге жол бере алмаймыз. Бірақ өкінішке қарай, тәрбие беру тұрғысынан балаларға ата-аналардан гөрі, интернет кеңістік көп ықпал етіп жатыр. - Сонда бұған дейін ешқандай қадағалау болмаған ғой? - Әрине, ведомствоішілік жергілікті сипаттағы актілер бар. Қазір оны жалпыға бірдей заңнамалық деңгейде жасау ұсынылып отыр. Өзіміздің тарапымыздан, ондай деструктивті ресурстардың енуін қиындаттық. Дегенмен, олардың қарқыны тым жоғары болғандықтан, барлығын жіті қадағалау мүмкін емес. Оның үстіне, олар әдетте біздің ғаламторға түпкі пиғылдарын бүркеу арқылы енеді. - Ал енді осы интернеттің мүмкіндігін біз мемлекеттік тілдің аясын кеңейтетін бірден бір құрал ретінде қаншалық пайдаланып отырмыз? Басқаша айтқанда, электрондық қызмет көрсету желісіндегі қазақ тілінің салмағын арттыру мәселесі қалай жүзеге асуда? - Біз мемлекеттік органдардың ресми сайттары міндетті түрде үш тілді стандартта болуын қадағалап отырамыз. Қазір басқа да ресурстарды жасауды қолға алып жатырмыз. Мәселен, «Мәдени мұра» порталы қазақ және орыс тілдерінде әзірленіп, оның ағылшын тілдегі нұсқасы дайындалу үстінде. Бүгінде қолдағы материалдар қағаз және бейне фильмдер түрінде қатты көшірмелерде орналасқан. Оларды интернет сегментіне ауыстыру мәселесімен ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және «Арна-Медиа» холдингі айналысуда. Сондай-ақ қазір «kaztube» ? ең ірі қазақстандық видеопортал жасалып жатыр. Онда негізінен Қазақстанға қатысты туындылар сақталатын болады. Қазір авторлық еңбектерді құқықтарын бұзбай, аталмыш ресурсқа орналастыру үшін барлық теле, радио компаниялармен, продюсерлік орталықтармен және студенттік қоғамдастықтармен келіссөздер жүргізілуде. Бұның барлығы қоғамның қазынасы болмақ. Өйткені қазақстандық жас режиссерлардың туындыларын орталық каналдардан көру мүмкін бола бермейді. Kaztube-ке ұқсас, Youtube және Rutube ресурстарынан мазмұны жағынан өзінше ерекшеленіп, бірегей болады деп сенеміз.
- Әңгімеңізге рахмет!