Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде 13-орынға түсіп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) Уимблдон турнирінен кейін жаңартылған рейтингіні жария етті.

Уимблдонда үшінші айналымнан аса алмаған Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 11-ден 13-орынға түсіп қалды.
Сондай-ақ алғашқы кездесуінде болашақ финалист, америкалық Аманда Анисимовадан ұтылған Юлия Путинцева 33-тен 43-ке сырғыды.
Әлемдік рейтингіде бұрынғыша белоруссиялық Арина Соболенко көш бастаса, америкалық Кори Гауфф екінші орында.
Уимблдон чемпионы атанған Польша өкілі Ига Швентек 4-тен үздік үштікке енді.
Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина 8-ден 10-ға төмендеді.
Ю.Путинцева 59-дан 57-ге, Жібек Құламбаева 124-тен 122-ге көтерілді.
Мұнда үздік үштікте чехиялық Катержина Синякова, америкалық Тейлор Таунсенд және 6-дан 3-ке жоғарылаған латвиялық Елена Остапенко тұр.
WTA чемпиондық кестесінде 7 395 ұпай жинаған А.Соболенко алда келеді. И.Швентек (5 983) екінші орынға шықса, К.Гауфф (4 609) үшінші сатыға ығысты.
Е.Рыбакина (2 536) 8-ден 9-ға, Ю.Путинцева (734 ұпай) 43-тен 52-ге төмендеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Уимблдон турнирінің финалында сирек нәтиже тіркелгенін жазған едік.
Сондай-ақ Янник Синнер алғаш рет Уимблдон турнирінің чемпионы атанды.