Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде ТОП-10-ға қайта оралды
АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингіні жария етті.

Монреаль (Канада) WTA 1000 турнирінің жартылай финалына дейін жеткен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 12-ден 10-орынға көтерілді.
Осылайша, қазақстандық теннисші ТОП-10-ға қайта кірді.
Юлия Путинцева 46-ыншы, Зарина Дияс 251-орнын сақтап қалса, Жібек Құламбаева 294-тен 295-ке сырғыды.
WTA рейтингісінде бұрынғыша Беларусь өкілі Арина Соболенко көш бастаса, америккалық Кори Гауфф екінші, поляк Ига Швентек үшінші сатыда тұр.
Монреаль жарысында жеңімпаз атанған 18 жастағы канадалық Виктория Мбоко 85-тен бірден 24-ке (+61), ал финалист, жапониялық Наоми Осака 49-дан 25-орынға шықты.
Е.Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінде сәтті өнер көрсетсе, рейтингіде бұдан да жоғарылай алады.
Қазақстандық теннисші бұдан екі жыл бұрын әлемде үздік үштікке енген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Цинциннати турнирінде Путинцеваны жеңген теннисшінің Рыбакинамен ойнайтынын жазған едік.