Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде үздік алтылыққа енді

АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті.

Елена Рыбакина
Фото: ҚТФ

Токио (Жапония) WTA 500 турнирінің жартылай финалына дейін жетіп, жылдың қорытынды турниріне жолдама алған Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде 7-ден 6-орынға көтерілді.

Чемпиондық кестеде үздік сегіз теннисшінің қатарынан көрінген қазақстандық теннисші 1-8 қарашада Эр-Рияд қаласында өтетін қорытынды турнирде өнер көрсетеді. 

Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 76-дан 75-ке ауысты.

Зарина Дияс 300-інші, Жібек Құламбаева 337-сатыда тұр.

Әлемдік рейтингіде бұрынғыша белоруссиялық Арина Соболенко көш бастаса, Польша өкілі Ига Швентек екінші, америкалық Кори Гауфф үшінші орында. 

Жұптық сында Токио жарысының финалында ойнаған Анна Данилина 13-орнын сақтаса, Ю.Путинцева 103-тен 104-ке, Ж.Құламбаева 131-ден 134-ке төмендеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Токио турнирінің финалында есе жібергенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар