Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде үздік бестікке енді

АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жариялады.

Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде үздік бестікке енді
Фото: ktf.kz

Эр-Риядта өткен жылдың қорытынды турнирінде жеңімпаз атанған Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина америкалық Джессика Пегуланы ығыстырып, бесінші сатыға көтерілді. 

Қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингідегі үздік көрсеткіші — 3-орынға жақындап келеді.

Жылдың қорытынды турниріндегі жеңісінен кейін Е.Рыбакина 2026 жылғы жаңа маусымда осы қарқынын жалғастыруға үміттенетінін жеткізді.

— Титул мені бұрынғыдан да көбірек жұмыс істеуге ынталандырады. Біз жарыстар арасында жақсы ілгерілеуге қол жеткіздік. Тіпті бабымда болмағанның өзінде жақсы ойын өрнегін көрсеттім. Әр маңызды матчтан үлкен тәжірибе жинайсың. Бұл жолы бәрі мен ойлағандай болды. Осы турнирде болған барлық оң нәрсені алдағы маңызды матчтарда жалғастыруға тырысамын, — деді Рыбакина.

Атақты теннисші Серена Уильямстің бұрынғы бапкері Рик Маччи өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікірін жазып, Елена Рыбакинаның 2026 жылы әлемнің бірінші ракеткасы болатындай мүмкіндігі бар екендігін жеткізді.

Әлемдік рейтингіде Беларусь өкілі Арина Соболенко бұрынғыша көш бастаса, поляк Ига Швентек екінші, америкалық Кори Гауфф үшінші сатыда тұр. 

Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 73-орында қалды.

Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина 13-тен 15-ке, Ю.Путинцева 105-тен 106-ға сырғыса, Жібек Құламбаева 132-ден 130-ға жоғарылады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның WTA қорытынды турнирін ұтқан алғашқы азиялық теннисші атанғанын жазған едік. 

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаны жеңісімен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар