Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде үздік үштікке кіреді
АСТАНА. KAZINFORM – Аустралия ашық чемпионатының финалына шыққаннан кейін қазақстандық теннисші Елена Рыбакина дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік рейтингіде үшінші орынға көтеріледі.
Соңғы бәсекенің нәтижесіне қарамастан, қазақстандық теннисші қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 6 910 ұпаймен 3-орынға орнығып тұр.
Рыбакина өзінің алдындағы америкалықтар Аманда Анисимова мен Кори Гауфты басып озды.
Осылайша, қазақстандық спортшы 2023 жылы маусымда қол жеткізген үздік нәтижесін қайталады.
Еленаның әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен финалдық матчы сенбі күні өтеді.
Е.Рыбакина кейінгі он жылда WTA қорытынды турнирі мен Аустралия ашық чемпионатының финалына шыққан үшінші ойыншы атанды. Бұдан бұрын мұндай көрсеткішке Арина Соболенко (2022-2023, 2025-2026) және даниялық Каролина Возняцки (2017-2018) жеткен еді.
Сонымен қатар сенбі күні Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге жұптық сында бельгиялық Элизе Мертенс – қытайлық Чжан Шуаймен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Анна Данилинаның екінші рет финалға жолдама алғанын жазған едік.
Аустралия чемпионатында Елена Рыбакина екінші рет чемпиондық атаққа таласады.