Елена Рыбакина әйелдер теннисі тарихында рекордтық табысқа қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM — WTA қорытынды турнирінде жеңімпаз атанған қазақстандық теннисші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакинаның рекордтық көлемде табыс тапқаны белгілі болды.
Жарыс барысында барлық бес кездесуінде қарсыластарын ұтқан қазақстандық спортшы 5,2 млн АҚШ долларына ие болды. Бұған дейінгі үздік нәтиже әлемнің 1-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкоға тиесілі еді. Ол биылғы АҚШ ашық чемпионатында 5 млн доллар табыс тапқан болатын.
Жылдың қорытынды турнирінде финалға дейін жетіп, Е.Рыбакинадан ұтылған А.Соболенко 2,6 млн доллар алады. Елена Рыбакинаның спорттық жолында тапқан табысы 24 млн, А.Соболенконың көрсеткіші 44 млн доллардан асады. Қазақстандық теннисші Эр-Риядтағы тарихи титулынан кейін жанкүйерлеріне сәлем жолдады.
- Барлығыңызға сәлем! Қолдауларыңыз үшін мың алғыс. Бұл тамаша апта болды. Мен өте бақыттымын! Осында келіп, мені қолдағандарыңыз үшін тағы да рақмет айтамын, - деді Рыбакина.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның WTA қорытынды турнирін ұтқан алғашқы азиялық теннисші атанғанын жазған едік.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаны жеңісімен құттықтады.
Новак Джокович жылдың қорытынды турнирінде ойнаудан бас тартты.